11 ақп, 2019 сағат 15:45

Астанада туберкулезге шалдыққандардың 25% табысы күнкөріс деңгейінен төмен

Астанада туберкулезге шалдыққан әрбір төртінші адамның табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Нәдіров мәслихат отырысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

«Былтырғы жылы туберкулез ауруына шалдыққандардың 67% экономикалық белсенді жастағылар болып шықты. Оның ішінде ауру жұқтырғандардың әрбір бесіншісі Астанаға өткен жылы келгендер, сондай-ақ әрбір екіншісінің тұрақты жұмысы жоқ, әрбір төртіншісінің табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Сонымен қатар, олардың жартысынан астамында жеке баспаналары жоқ, яғни жалдамалы үйде тұрады», - деді ол.

Осылайша, туберкулезбен ауыратындардың 76,6% тұрмыстық жағдайын төмен екендігі анықталды. Флюро тексерудің нәтижесі бойынша, аталған топтағылар арасында туберкулез қаупінің жоғарылығы байқалып отыр.

«Жыл сайынғы тексеру анықтағандай, 10 мың адамның арасында туберкулезге шалдығудың 7-9 жағдайы анықталады. Ал қауіпті топтағылар арасында 10 мың адамның арасында 27 жағдай расталды. Бұл, 2017 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп. Өткен жылдың қорытындысына келсек, туберкулез бойынша тексерілген қауіпті топтардың ішінде мың адамға шаққанда 19,8% - бұрын сотталғандар, 17,6% - қаңғыбастар, 4,9% АИТВ ауруына шалдыққандар болып шықты. Сол сияқты ішімдікті жиі қолданатын жандар арасында да туберкулез қаупі жоғары», - дейді Қ.Нәдіров.

Одан бөлек, қауіптілігі жоғары топқа жатпайтындар арасында, тексерілген мың адамның 0,7-сінен аталған ауру белгісі анықталды.

Сондай-ақ атап өтілгендей, Астанада аталмыш сырқаттан көз жұматындар саны артты.

Бұл үрдіс туберкулезге қарсы жаңа диспансердің ашылуымен елордаға өзге өңірлерден көшіп келушілер санының артуымен түсіндірілуде.

«Өткен жылы 29 адам туберкулезден көз жұмды. Олардың 10-ы Астанаға 2-3 айдың көлемінде көшіп келген. Ауруханаға жатқызу кезінде жағдайлары ауыр болған», - деп түсіндірді Камалжан Надыров.

Дегенмен, елордада соңғы 10 жылда туберкулезге шалдығу 4,5 есеге азайған. Мәселен, 2008 жылы 100 мың адамға шаққанда - 125,1, 2018 жылы 48,1 болған.  Өткен жыл ішінде сырқаттану 2017 жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға төмендеген.