03 қаң, 2017 сағат 10:26

Астанада Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздер өтпей қалуы мүмкін

Сирияның шамамен он оппозициялық тобының өкілі Дамаск тарапынан ереже бұзушылықтар болғандықтан, Астанада келіссөздерді өткізуді тоқтата тұратындарын мәлімдеді, - деп хабарлайды Agence France-Presse.

"Дамаск тарапынан бұл бұзушылықтардың жалғасып жатуына байланысты оппозициялық топтың өкілдері Астанада өтетін келіссөздерге қатысты барлық мәселені талқылауды тоқтататындарын мәлімдеді", - делінген оппозициялық топтың үндеуінде.

Еске сала кетейік, осыған дейін Назарбаев Путинмен Сириядағы жағдайды реттеуге қатысты келіссөздерді талқылаған болатын. "Астанада Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді өткізуге қатысты мәселелер, сондай-ақ, Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Санкт-Петербургте өткізген саммиттерінің қорытындысы талқыланды", - делінген Кремльдің баспасөз қызметінде.

Сондай-ақ, Ресей мен Түркия көшбасшылары Сириядағы қақтығысушы тараптар арасындағы ахуалды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді Астанада өткізуге мүдделі екендіктерін білдірген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.

kaz.tengrinews.kz