Фото: elements.envato
Астанада "Qnet" қаржы пирамидасының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы Ж. Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында "Qnet" қаржы пирамидасын ұйымдастырып, төрт жыл бойы Степногор, Щучинск, Атбасар, Көкшетау мен Шортанды тұрғындарын алдаған. Өзінің өкілдері де болған. Олар біраз адамды қаржы пирамидасына ақша салуға көндірген. Одан табыс түсетініне уәде берген. Тіпті, жәбірленушілерге психологиялық қысым көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктерден, соның ішінде тауарлық несиелер алуға мәжбүрлеген.
"Шындығында, төлемдер басқаларды тарту есебінен жүргізілген және төлемдер мөлшері салынған қаражат сомасының тек 10-15%-ін ғана құрады. Әрі қарай "QNET"-ке адамдарды тұрақты тартудың болмауына байланысты төлемдер түспеген. Осылайша, төменде тұрған адамдар тұрақты негізде төлемдер алмаған немесе жаңа тұлғаларды тарту арқылы аздаған мөлшерде ғана байыған. Ал ол, тіпті, банк мекемелерінде пайызбен алынған инвестицияланған жеке қаражатты да өтемеген", - делінген сот үкімінде.
Сотқа барлығы 136 жәбірленуші жүгінген. Оларға 145 млн теңгеден астам сомаға залал келді.
Сот үкімімен Ж. Қылмыстық кодекстің екі бабы – 217 (қаржы пирамидасын құру және басқару) және 218 (қылмыстық жолымен алығнан ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысуға 5 жылға тыйым салынған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.