20 қар, 2025 сағат 12:08

Астанада несие алып беремін деп 16 адамды алдаған азамат жазаланды


Фото: gov.kz


Елордада жеңілдетілген несие рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, тұрғындарды сан соқтырған алаяққа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады.

Тергеу мәліметінше, азамат өзін ұлттық компания қызметкері ретінде таныстырып, небәрі 100 мың теңгеге «жеңілдетілген жолмен несие әперуді» ұсынған. Бір ай ішінде 16 адам оның сөзіне сеніп, ақшаларын аударған. Жоғалған қаржы көлемі 4 млн теңгеден асып кеткен.


Прокуратураның мәліметінше, сот айыпталушыны кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ келтірілген материалдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.


Қадағалау органы тұрғындарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және ақпаратты тек ресми көздерден тексеріп отыруға шақырды.