08 там, 2018 сағат 16:33

Астанада мемқызметкер 30 мың доллар пара алмақ болды

Астанада мемқызметкер 30 мың доллар пара алмақ болған. Ол ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде істейді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жаxиннің айтуынша, кеше ғана Мемлекеттік кірістер саласының тағы бір қызметкері үстінен қылмыстық іс қозғалды.

«Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің офицері ұсталды. Күдікті 30 мың АҚШ доллардың парасын алуға оқталған. Тергеу басталып кетті», - деп атап көрсетті Н.Жаxин.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында қытайлық тауарларды өткізгені үшін пара алған осы саланың бірнеше қызметкері ұсталған болатын. Олар екі жыл бойы заңсыз сыйақы алып келген. Бір кәсіпкер 2016-2018 жылдары аралығында Қытайдан тауар тасыған. Соның бәрін кедергісіз әкелгені үшін экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің аса маңызды істер бойынша аға офицеріне және Майқапшағай кеден бекетінің бас маманына жалпы соммасы 40 мың АҚШ доллары көлеміндегі параны жүйелі түрде беріп отырды. «Күдіктілердің кеңселері, тұрғылықты жерлері мен көліктерін тінту кезінде 13 млн теңгеден астам шетел валютасы анықталды. Қазіргі кезде үш адам қамауға алынды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», - деп атап көрсетті Н.Жаxин.