Астанада көше немесе мектептердің біріне Үндістанның көрнекті саяси және қоғам қайраткері Махатма Гандидің есімін беру ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Мұндай ұсыныс Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың Үндістанның Төтенше және өкілетті елшісі Прабхат Кумармен кездесуі барысында айтылды.
«Осы жылы біз 2020 жылдың 2 қазанына дейін жалғасатын Махатма Гандидің 150 жылдығын мерекелеуге арналған шаралар циклін бастаймыз. Алматы қаласында оның құрметіне қойылған көше мен ескерткіш бар. Егер Астана әкімдігі де әлем тарихында өзінің терең ізін қалдырған Гандидің есімін мәңгілік ету идеямызды Қазақстан астанасында да қолдаса, қуанар едік», - деді П. Кумар.
Бұл ретте, Елші Астана көшелерінің немесе мектептерінің біріне Гандидің есімін беруді немесе оның құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынды. П. Кумар ескерткіш орнатылатын жағдайда оның дайындалуы мен жеткізілуі үндістандық тараптан жүзеге асырылатынын атап өтті.
Астана әкімі Елшінің айтқан ұсынысына қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта осы және өзге де жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ Астанада үнді сауда-іскерлік орталығының құрылысын салу мүмкіндігін, мәдени шараларды бірлесіп ұйымдастыруды жалғастыру сынды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, Б. Сұлтанов Халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты бизнес жүргізудің жаңа перспективасы барын айтып, үнді кәсіпкерлерін Астананың инновация, ақпараттық технология, білім және денсаулық сияқты салаларына инвестиция құюға шақырды.