© Sputnik / Владислав Воднев
Жанжал кезінде күйеуінің бұрынғы азаматтық әйелін өлтірген Астана тұрғыны қаза болған әйелдің өкілдерімен медиациялық келісімге келгендіктен, бір жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы Алматы ауданының № 2 аудандық сотына сілтеме жасап.
Кісі өлтірушіге бүгін, 5 сәуірде Қылмыстық кодекстің 101-бабы, 1-бөлігі (аффект жағдайында жасалған адам өлтiру) дерегі бойынша сот үкімі шықты.
Сот мәліметінше, өлтірілген М., айыпталушы Р.-ның күйеуімен ресми некеге тұрғанға дейін қарым-қатынаста болған, олардың ортақ баласы бар. Р.-ның күйеуі заңды түрде үйленгеннен кейін де жәбірленуші М.-мен қарым-қатынасын жалғастырған. Бұл Р.-ның ұялы телефонына жіберілген фотолар мен намысына тиетін сөздер жазылған хаттармен дәлелденген.
"Р. жәбірленушінің жүйелі түрде қорлауы салдарынан эмоционалдық қозу (аффект) жағдайында жәбірленушінің ауласына барғанда ауызша жанжал туындаған, жанжалдың соңында Р. жәбірленушінің өмірлік маңызды мүшесіне пышақ сұғып алған. Соның салдарынан жәбірленуші алған дене жарақатынан ауруханада көз жұмды", - деді сот.
Сотта істі қарау барысында тараптар татуласу туралы медиациялық келісімге қол жеткізген.
"Осындай жағдайда соттың Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталушының жағдайын нашарлатуға құқығы жоқ, сотта прокурор Р.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын сұрады. Сотталушының кінәсі Р.-ның өзінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді", - деп түсіндірді сот.
Нәтижесінде судья Р.-ның қылмысын орташа ауырлықта деп тауып, сотталушының бір жасар баласы бар екенін және оның жасаған әрекетіне өкінуін жеңілдететін мән-жайлар деп ескеріп, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.