© Photo: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек коммуналдық тарифтер 15-20 пайызға көтерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әкімнің айтуынша, бүгінде қалада судың бағасы арзан. Басқа өңірлермен салыстырғанда үш-төрт есе төмен.
“Мәселен, судың бір кубметрі 48 теңге тұрады. Алматыда, Қарағандыда және басқа қалаларда - 100 теңге, 120 теңге және 150 теңге, жақын тұрған елді мекендерде 200 теңгеден де асады. Осылайша, Астанада судың бағасы үш-төрт есе төмен болып тұр”, - деді Қасымбек орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, су желілерін күтіп ұстау үшін қосымша қаржы қажет. Осы саладағы мамандардың жалақасын да көтеру керек.
“Сондықтан ондай шараға (тарифті көтеруге - ред.) баруға мәжбүрміз. Қазіргі кезде осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Орташа есеппен 15-20 пайызға көтеруге тапсырыс беріп отырмыз”, - деп атап көрсетті Қасымбек.
Әкімнің айтуынша, коммуналдық тарифтер барлық қызмет бойынша көтеріледі.