Фото: Polisia.kz
Астана полицейлері көліктен 9 млн теңгесі бар сөмкені ұрлаған жолаушыны ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Нұра ауданының полиция басқармасына жеке такси жүргізушісі жүгініп, 9 млн теңге сомасында ақшалай қаражаты бар сөмкенің жоғалғаны туралы хабарлаған. Ер адамның айтуынша, ол адамдарды тасу арқылы қосымша ақша табу үшін ара-тұра досының Toyota Camry автокөлігін алып отырған. Әдеттегідей көлікті алып, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын күні досы ұмытып кеткен, ішінде ақшасы бар рюкзактың салонда жатқанын білмеген.
Кейін такси салонына бір түнде 17 адамның отырғаны белгілі болды. Қиын әрі мұқият жұмыс барысында полицейлер жолаушыларды жеткізген барлық мекенжайды анықтады. Бейнекамераларды қарау барысында жоғалған сөмкені ұстап бара жатқан ер адам көзге түсті.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері 30 жастағы жолаушыны анықтады, ол түнде такси салонында жолаушылар орындығынан рюкзакты көріп қалған. Керек мекенжайға жеткенде, күдікті өзімен бірге бөтеннің мүлкін алып кеткен.
Қазіргі уақытта жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.