27 жел, 2018 сағат 13:27

Астанада инвесторлар қаражатына 12 жылы аялдама салынды

Астанада инвесторлар қаражатына 12 жылы аялдама салынды. Оның көпшілігі - жергілікті кәсіпкерлердің сыйы, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.  

Астанада жергілікті инвесторлар қаражатына салынған 12 жылы аялдама жұмыс істеп тұр. «Astanа» ӘКК» АҚ-нің басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Канкин жуырда осы салада шетелдік инвестордың пайда болғанын жеткізді. Ал қалғандары - Астананың бизнес өкілдері.

Б. Канкиннің түсіндіруінше, инвесторлар өз салымдарын аялдамада коммерция жүргізілетін павильондар арқылы және жарнамалық баннерлерді орналастыру есебінен ақтайтын болады.

«Аялдамаларда Wi-Fi қызметін ұсынатын инвесторлар бар және оны олар өз тауар-қызметін сату бағытында қолданады. Сондай-ақ, аялдамаларға терминалдар, аппараттар қойылады, инвестор жалға беру есебінен де пайда көреді», деді Канкин.

Автобус аялдамасындағы коммуналдық шығыстарды да инвестор төлейді. Ал аялдама орналасқан жер телімі 10 жылға жалға беріледі.

Еске сала кетейік, кеше Жағалау шағын ауданында АҚШ инвесторы қаржысына салынған Your I-Stop «ақылды әрі жылы» аялдаманың ашылуы өтті. «Есіл» ауданы әкімдігінің қолдауымен аялдамаға коммуникация тартылған. Павильонды Астанада отандық кәсіпорын дайындаған.  

Ал 2019 жылдың соңына дейін қалада осындай 50 аялдама ашылады деп жоспарлануда.