Астанада полицейлер көпқабатты үйден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, «102» арнасына көпқабатты үй тұрғындарының бірінен 8-қабаттың терезесінен белгісіз азамат секірейін деп тұрғаны жөнінде қоңырау түскен. Оқиға орнына құрамында полиция капитаны Асылхан Молдағалиев пен аға лейтенант Қуат Сембеков бар автопатруль жеткен. Полицейлер келгенде ер адам балкон терезесінде қолымен асылып тұрғанын байқаған.
Тәртіп сақшылары сегізінші қабатқа көтеріліп, жедел жәрдем қызметкерлерімен бірге ер адамды қолынан ұстап, ішке тартып кіргізген. Осы кезде мас күйінде болған ер адам қатты айқайлап босатуды сұраған.
"Біз экипаж мүшесі ретінде балконда асылып, төменге секірмекші болған ер адам тұрған жерге бірден жеттік. Санаулы секундтарда жоғары көтеріліп, оның қолынан ұстап, пәтерге кіргіздік», - дейді Асылхан Молдағалиев.
Ер адамға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, профилактикалық әңгіме жүргізілген. Полицейлер 28 жастағы жігіттің мұндай жағдайға баруына не түрткі болғанын анықтап жатыр.