Фото: mykrg.kz
Астанада екі жұмысшы салынып жатқан тұрғын үй кешенінің 15-қабатынан құлап, көз жұмды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
ПД мәліметінше, 10 тамызда "Алматы" аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне "A-City" тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанында екі адамның биіктен құлап кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
"Анықталғандай, А.Байтұрсынов көшесінің бойында салынып жатқан 20 қабатты тұрғын үй кешенінің қасбеттік жұмыстарын жүргізу кезінде арқан үзіліп кетіп, екі жұмысшы 15-қабаттан, монтаждау көтергішінен құлап кеткен. 20 және 27 жастағы жұмысшылар оқиға орнында көз жұмды", - делінген хабарламада.
Ведомство мәлім еткендей, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Барлық қажетті сараптамалар тағайындалған.