Видео кадры
Астанада бұрынғы инкассатор банкоматтан ақша ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұрлық осы жылдың тамыз айында жасалған. 5 айға жуық уақыттан кейін жүргізілген тексеру барысында 3 миллион 760 мың теңге көлеміндегі ірі қаржы тапшылығы анықталған.
Бейнебақылау камераларын қарап шыққан тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түскен. Бейнежазбада таңғы уақытта бетін жауып алған ер адамның банк филиалының ғимаратына қалай кіргені көрсетілген. Ол банк аппаратын ашып, қолма-қол ақша салынған дискілерді алып кеткен.
Ұрлыққа бұрынғы инкассатордың қатысы бар екені белгілі болған. Бұған дейін 27 жастағы күдікті 2 ай жұмыс істеп, ақша тасымалдаумен айналысқан. Ол жұмыстан шыққаннан кейін банкоматтың кіру кодтарын білетін болғандықтан ақша ұрлауға бел буған.
"Қазіргі уақытта бұл дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам кінәсін мойындады" - делінген хабарламада.