Фото: Polisia.kz
Елордада балаларын фильмге түсірмек болған ана алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz медиа-порталына сілтеме жасап.
Қала тұрғыны полицияға арызбен жүгініп, белгісіз адамның тарапынан алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын және ақшасынан айырылғанын айтып арызданған.
"Тергеу барысында әйел WhatsApp мессенджерінің чатынан жас жігіттің белгілі бір сомадағы ақшаға телехикаяда рөл ұсынғаны туралы хабарландыруын көргені анықталды.
Әйел оның уәделеріне қызығып, 600 мың теңге жіберіп, балалары кинода рөл алады деп үміттенген. Бірақ күдіктінің уәделері екі айға созылып, осы уақыт ішінде ол әртүрлі сылтау айтқан. Осылайша, телехикая рөлінде ойнауды күте-күте жалыққан әйел полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері қаланың 22 жастағы тұрғынын анықтады. Оның елорда аумағында жасалған алаяқтықтың үш эпизодына қатысы бар екені анықталған. Қазіргі уақытта оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр" - делінген хабарламада.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті мойындау көрсетпелерін берген.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.