Астанада 32 жастағы әйелді пышақтап өлтірген ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Рolisia.kz Telegram-арнасы.
"Бүгін сағат 18.39-да 102 арнасына ер адамның қызды пышақпен өлтіргені туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шықты. Факт расталды.
Дүкен ішіндегі касса маңынан еденде пышақ жарақаты бар әйелдің денесі табылды. 32 жастағы азаматша алған жарақаттарынан жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған" - делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, ер адам аяқ киім дүкеніне кіріп, кассаға жақындап, әйелдің әріптесін итеріп жіберіп, ал өзіне пышақпен шабуыл жасаған.
"Елордалық полиция қызметкерлері 32 жастағы ер адамды ұстады. Заттай дәлел тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабымен (Кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.