27 шіл, 2023 сағат 16:56

Астанада автобус жүргізушісінің жүрегі тоқтап қалды

видеодан алынған кадрлар

Астанада автобус жүргізушісі жүрегі тоқтап қаза болды. Бұл хабарды CTS көлік компаниясы да растады.

Оқиғадан кейінгі кадрлар әлеуметтік желіде пайда болды.

CTS көлік компаниясының баспасөз қызметі оқиғаның 27 шілде сағат 10:20-да Бөгенбай батыр даңғылында, Бейбітшілік аялдамасына жақын жерде болғанын жеткізді.

"Маршрут бойынша келе жатқан 1961 жылы туған жүргізуші есінен танып, салдарынан жол шетіндегі қоршау мен жарықтандыру бағанасына соғылып, кейін жаяу жүргіншілерге арналған жолға шығып кеткен. Жүргізуші ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. 

Өлімнің негізгі себебі - жүректің тоқтап қалуы. Автобус жүргізушісінің 15 жылдық тәжірибесі болған. Жүргізуші демалыстан кейінгі 2 күні жұмысқа шықты. Жұмыс алдында сағат 05:54 те медициналық тексеруден өткен", - дейді CTS көлік компаниясының баспасөз қызметі.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

"Біз отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз", - дейді көлік компаниясының өкілдері.