19 нау, 2026 сағат 11:05

Астанада алаяқтар қарт ананы алдамақ болды: 1300 еуро аударуға аз қалды


Фото: polisia.kz


Астана қаласында 83 жастағы зейнеткер интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Елордалық полицейлер мен банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында кейуана ірі соманы аударудан аман қалды, деп хабарлайды Ult.kz.


Алдын ала мәліметке сәйкес, қарт әйел әлеуметтік желіден «жоғары табыс табуға болады» деген жалған жарнаманы көрген. Алаяқтар оны сендіру үшін халықаралық ақша аударымы арқылы қаражат жіберу қажет екенін айтып, кейін «жұмысқа орналастыру» үшін қосымша төлем сұраған.


Жалған ақпаратқа сенген зейнеткер 1300 еуроны аудару үшін банк бөлімшесіне барған. Алайда бөлімше қызметкерлері күмәнді жағдайды бірден байқап, полицияға хабар берген.


Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлері дереу келіп, болған жағдайды түсіндірген. Нәтижесінде зейнеткер алаяқтарға ақша жіберуден бас тартты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары әйелдің туыстарына да хабар беріп, қауіпсіздік шараларын түсіндірген.


Полиция өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы тарайтын жалған табыс туралы жарнамалар көбейген. Әсіресе алаяқтар қарт адамдарды нысанаға алып отыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары банк бөлімшелерінде профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, қызметкерлерге мұндай жағдайларда ерекше қырағылық танытуды ескерткен.