Астанада жалған чекпен дүкен сатушыларын алдаған әйел ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елорданың Алматы аудандық полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сатушыларды жалған түбіртекпен алдаған 33 жастағы Павлодар облысының тұрғынын анықтады.
Ол Манас көшесіндегі құрылыс дүкенінен жалпы сомасы 39 мың теңгені құрайтын тауарды ұқыптылықпен алып, сатушыға төлемнің қолдан жасалған жалған түбіртегін көрсеткен де, екі бума тауармен жайбарақат шығып кеткен.
Келесі жағдайда алаяқ әйел Күйші Дина көшесіндегі дүкеннің сатушысын дәл осындай әдіспен, тек 11 мың теңгеден астам ақшаға алдаған.
"Ұсталған әйелге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тексеру барысында оның екі бірдей телефон ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта оның елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр" - делінген ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.
видео: Polisia.kz