28 шіл, 2020 сағат 14:18

Астанада 4 млн теңгенің дүниесін қолды қылған ұры ұсталды

Полиция «Пәтер» жедел-профилактикалық шарасы барысында 26 жастағы ұрыны қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу барысында күдіктінің 2019 жылдың шілде айында балконның пластик терезесін бұзып, коттеджге кіріп, алтын және гаухар тас бұйымдарын, сондай-ақ ақша ұрлағаны анықталды. Жалпы шығын сомасы 4 млн теңгені құраған. 

Бүгінге дейін тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуде болған күдікті жедел іздестіру шарасы барысында қолға түсірілді. 

Қазіргі уақытта күдікті ПД-нің уақытша ұстау изоляторында. ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полицейлер азаматтан ұрланған алтын бұйымдарды тауып, иесіне қайтарды. 

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті 2020 жылдың басынан пәтер тонау ауыр қылмыс түріне жатқызылғанын ескертеді. Енді, мұндай ұрлық жасағандарды үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілейді және татуласу мүмкіндігі жоқ.