Фото: iStock
Көліктік бақылау саласындағы ҰҚТ қатысушылары сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көліктік бақылау саласындағы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды. Сот үкімімен Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының м.а. Қ. Құдайбергенов және оның сыбайласы Б. Шумбасова 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екеуі де ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, басқарған, диагностикалық карталарды қолдан жасап, техникалық тексеруден өту туралы ақпараттық жүйеге жалған ақпарат енгізді деп айыпталды" - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, ҰҚТ-ның басқа он үш қатысушысы 5 жылға бас бостандығынан айырылып, тағы 4 адамның 2 жылға бостандығы шектелген. Сондай-ақ, сот үкімімен көліктік бақылау органдарының басқа лауазымды тұлғалары ҰҚТ мүшелерінен пара алғаны үшін кінәлі деп танылған.
Олар 350 мыңға жуық автокөлік құралын заңсыз тіркеген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.