Астанада аутизмі бар 322 бала көмек алу үшін кезекте тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева мәслихат жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалада екі оңалту орталығы, төрт психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті және аутизмге шалдыққан балаларды қолдауға арналған орталық жұмыс істейді. Оңалту орталықтарында орта есеппен жылына 500-600 ерекше білім беру мұқтаждығы бар бала, оның ішінде мүгедек балалар да психологиялық-педагогикалық көмек алады. Аутизмге шалдыққан балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және түзету орталықтарының әдеттегі қолдау кабинеттерінен айырмашылығы дәрігер-невропатолог, дәрігер-оңалтушы, мейірбике-массажист, емдік дене шынықтыру мамандары қызмет көрсететінінде», - деді әкімдік өкілі.
Сондай-ақ, ол аталған мекемелердің қызметіне қанша адам мұқтаж екенін атады.
«Аутизмі бар балаларға қызметтер психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың қорытындысы бойынша көрсетіледі. Тіркеу алынған 1017 баланың 472-сі бағдарлама бойынша көмек алып, аяқтаған. Қазір 82 бала курс алып жүр. Кезекте 322 бала тұр. Оның 137-сі 3 жасқа жетпеген балалар», - деді Маржан Қайырбаева.