Қайғылы оқиға кезінде баланың анасы үйде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«5 шілде күні кешкі сағат 21:57-де көпқабатты тұрғын үйдің 13-қабатынан 3 жасар қыз дүкеннің күнқағарына (козырек) құлады. Алған жарақаттан сәби оқиға орнында мерт болды. Оқыс оқиға кезінде баланың анасы үйде болған», - делінген қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Елорданың ювеналды полиция инспекторлары балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кету фактілеріне жол бермеу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жиі өткізіп тұрады.
«Жазатайым оқиғалардың дені ата-аналардың балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауымен байланысты. Бала ересектердің назарынан тыс қалып, терезе ашық қалған жағдайда құлау қаупі жоғары», - дейді ведомстводан.
Осыған орай Нұр-сұлтан қаласының полиция департаменті ата-аналарға балаларды терезеден құлаудан қорғауға қатысты ұсынады:
- Бала үйде болған кезде терезелерді жауып жүріңіз. Сіз баланың қасындамын деп ойлайсыз, дегенмен баланы бірнеше секунд назардан тыс қалдыру қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін;
– Ешқашан москит торларына сенбеңіз, балалар оған сүйеніп, қорғау құралымен бірге құлап кетеді;
- Бала терезені өз бетінше аша алмауы үшін терезелерге арнайы қорғау жүйелерін (бекіткіштер, блокираторлар) орнатыңыз;
- Үйдегі жиһазды терезеден аулақ ұстаңыз. Бұл баланың терезе алдына кездейсоқ тап болуына жол бермейді.