Фото: Polisia.kz
Астана тұрғыны лифтіде жұбайын соққыға жыққан, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“102” арнасына елорданың 36 жастағы тұрғынынан оны жұбайы ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. 42 жастағы ер адам лифтіге кірген соң, балағат сөздер айтып, әйелін қорқытып, ұрғаны анықталды. Белгілі болғандай, бұл - ер адамның жұбайына бірінші рет қол көтеруі емес.
"Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 73-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен ер адам 10 тәулік мерзімге қамауға алынды" - делінген хабарламада.
Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту мақсатында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері әрбір учаскеде барынша пысықтауды жүргізеді.
– Сіз зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, дереу “102” арнасына немесе әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефонына 8-(7172)-71-60-63 хабарласыңыз. Полиция қызметкерлері сізге консультативтік-құқықтық көмек көрсетеді, – дейді Астана қаласының полиция департаменті.