Төрт кісінің өліміне әкеп соққан оқыс оқиғаға байланысты тұтқындалған «Астана су арнасы» мекемесінің лауазымды басшылары кінәсі дәлелденген жағдайда 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мекеменің ұсталған қызметкерінің бірі - бас механик. Яғни, осы еңбекті қорғау ережелерін сақтау және олардың дұрыс атқарылуына сол жауапты болған. Екінші - «Астана су арнасы» мекемесінің Алматы аудандық бөлімшесі бойынша жауапты қызметкері», - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті төрағасының орынбасары Ғазиз Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Олар ҚР Қылмыстық кодексі 156-бабы 4-бөлігі бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Бас механик оқиға орнында болып, жұмысты ұйымдастырған. Екіншісі осы жұмысқа жауапты болған», - деді ол.
Еске сала кетсек, «Астана су арнасы» мекемесінің 4 қызметкері метан газынан уланып көз жұмғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Елорданың полиция департаменті осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Осы жылдың 13 маусымында аталған факті бойынша «Астана су арнасы» мекемесінің екі жетекшісі В. және М. полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды.