03 нау, 2020 сағат 09:53

«Астана» спорт клубының екі басшысы ұсталды, Артур Ардавичусқа іздеу жарияланды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының спортты дамыту және Қазақстанның беделін көтеруге бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана» кәсіби спорт клубының экс-директоры Аманбек Күлшіков аталмыш клубтың құрамына кіретін жеке мекемелер - «Astana Pro Team» велокомандасының» басшысы Ләззат Шәмшиевамен және «Astana Motorsports» жетекшісі Артур Ардавичуспен қылмыстық келісім жасап, іске асырған. 2016-2018 жылдар аралығында Күлшіков қасақана шығындар көлемінен бірнеше есе артық сомаға қаржыландыру туралы тапсырыстарды, сонымен қатар қаражаттың мақсатты жұмсалғаны туралы Шәмшиева және Ардавичус ұсынған жалған есепті қабылдаған», - деді бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова.

Олар артық бөлінген қаражатты шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасасу, оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша жалған актілерге қол қою жолымен жымқырған.

«Мысалы демеушілер жыл сайын кәсіби жарысқа қатысудың барлық әлемдік стандарттарына сай келетін 200-ден астам брендтік велосипедті тегін ұсынады. Сондай-ақ 2018 жылы қажеттілік болмаса да, Алматы қаласында автошина сатумен айналысатын қазақстандық ЖШС-мен, сондай 6 велосипед және оған қосалқы бөлшектер сатып алуға 219 мың еуро сомасына жалған келісімшарт жасалған. Оған қоса, бұл қымбат велосипедтер шын мәнінде сол бойы жеткізілмей, қаражат жымқырылған. Мұндай деректер аз емес», - дейді ол.

Бөлінген қаражат осылайша олардың отбасы мүшелерінің және спортқа еш қатысы жоқ басқа да тұлғалардың ішкі және шетелге авиасапарларының төлеміне жұмсалғаны да мысал бола алады. Бұл шығындар 100 млн теңгеден артық соманы құрайды.

«Бүгінгі таңда анықталған залал сомасы 2 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта Күлшіков және Шәмшиева Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторында. Сот оларға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау бұлтартпау шарасын санкциялады. Ардавичусқа, оның ішінде Интерпол желісі бойынша да халықаралық іздеу жарияланды. Оған қатысты да «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды», - дейді ол.

Іс бойынша күдіктілердің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қымбат мүліктері, автотранспорттық құралдар, элиталық пәтерлер, жер учаскелері қоса анықталған. Іске басқа да адамдардың қатыстылығы тексерілуде.