Фото:Sputnik / Санат Имангалиев
Бүгін Қазмедиа орталығында Astana Media Week 2024 медиа апталығы басталды, деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».
Форумда көтерілген тақырыптардың бірі «Медианың реновациясы(жаңару): заң, қауіпсіздік және трансформация» болды. Жиында сөз сөйлеген сарапшылардың бірі қазіргі Масмедиа туралы заңда БАҚ-қа байланысты барлық мәселелер қамтылған деп септегенімен, алайда заңның орындалуын проблема көріп отыр. Сарапшылардың арасында журнаистік этиканы сөз еткендері де болды. Олар медиа саласындағы қоғамдық ұйымдарды бірігуге шақырды.
«Обал мен сауапты, ұят дегенді ұмытып кеттік»
«ЗАҢ» медиа-корпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев:
Қазіргі кезде ақпарат құралдарының, журналистердің жауапкершілігі және әлеуметтік желідегі жауапкершіліктер туралы, азаматтар арасындағы қарым қатынас және тағы басқа мәселелердің барлығы заңмен қамтылған. Адамның ар-намысына қол сұқтың ба, заң алдында жауап бересің. Балағаттадың ба, қол жұмсадың ба, барлығы заңмен қамтылған. Заң бар, бірақ заңның қолданылу жағы кемшін болып тұр. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желінің ықпалы қатты болып отыр. Біздің бүгінгі сессиямыздың тақырыбының өзі реновация, қауіпсіздік және трансформация. Қазіргі журналистика жылдам өзгеріп жатыр. Кейде тіпті біздің заңдарымыз белгілі мәселелерді қамтуға үлгермей қалып отыр. Бірақ, қарқынды дамып жатқан кезде ол дамудың кері әсері де болып жатқан тұстары көп. Мысалы, біз журналистика факультетінде оқыған кезде журналистиканың 5 функциясы бар, соның ең біріншісі - объективтілік дегенді оқытып еді. Ал қазіргі уақытта бізде әлеуметтік желілердің дамуымен осы объективтілікті бірінші кезекте жоғалтып алдық және жауапкершілік дегенді мүлдем ұмытқан сияқтымыз. Сосын, қарапайым адами қағидамен алатын болсақ, обал мен сауапты, ұят дегенді ұмытып кеттік.
«Телеарна саласындағылар өз аудиториямызды жоғалтқан жоқпыз»
«Қазақстан медиа альянсының» басшысы Қанат Сахария:
Бізде түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Олар Қарлығаш Жаманқұлова басқаратын «Әділ сөз», мен басшылық ететін «Қазақстан медиа альянсы» сияқты түрлі ұйымдар. Егер біз бірікпесек және Қазақстанның медиа саласындағы этиканың негізгі принциптерін деклорацияламасақ ешқандай жетістік болмайды. Сондықтан мен барлық қоғамдық ұйымдарды біздің әріптестеріміз, журналистердің этика сақтауын жариялау үшін коалиция құруға тырысуға шақырамын. Бұл бірінші сұрақ. Ал екінші мәселе, телеарналарға байланысты. Ютуб, Фейсбук пайда болғалы 20 жылдай уақыт болды «телеарналардың болашағы не болады» деген пікірталас жүріп келе жатыр. Біз әңгіме шығару және тарату туралы болып жатқанын түсінуіміз керек. Бұл контексте телеарналар шығарушы фабриканың және таратушы канал рөлін ойнайды. Ал интернет болса, ол - таратушы канал. Олар ақпаратты өздері шығармайды. Мен соңғы шыққан ақпаратқа қуандым десем болады. Ол ақпарат бойынша Ютуб интернет желісінде ең танымалы – телеарналардың жаңалықтары болып шықты. Яғни, телеарналардың өнімдері интернет желісінде сұранысқа ие. Бұл біз телеарна саласындағылар өз аудиториямызды жоғалтып алған жоқпыз деген сөз.
Айта кетейік, Astana Media Week 2024 медиа апталығы 25-27 қыркүйек аралығында өтеді. Шарада ведомство басшылары, халықаралық сарапшылар, инфлюенсерлер мен сала мамандары кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап, идеяларын жариялайды. Сондай-ақ, байланыс орнатып, презентациялар жасап, алдағы жылға жоспарларын айтады.