Қазақстанда республикалық бюджет шығыстарының оңтайландырылып жатқаны белгілі. Осы жұмыс шеңберінде елордадағы Астана LRT жеңіл рельсті көлік жобасының келешегі не болады? Бұл сұрақ бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов пен ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловқа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Есеп комитетінің Астана LRT жобасына қатысты кеңесі Үкіметке келіп түсті. Қазір қарауда жатыр. Алдағы уақытта дәлелдемелер мен кеңестер кеңінен талқыланады. Осыдан кейін жобаны жалғастыру немесе жалғастырмау жағына қатысты шешім қабылданады», - деді ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов.
Әріптесінің жауабының ізін ала сөз сөйлеген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов те жобаға қатысты нақты шешім қабылданбағанын растады.
«Астана LRT – жергілікті бюджеттің, яғни қаланың жобасы. Сол үшін бұл ретте қаламен (әкімдігімен) кеңескен абзал. Қазір нақты шешім қабылданғалы отыр. Себебі бұл жобаны жүзеге асырудың артықшылықтары мен кемшіліктері де бар. Бәрі өлшеніп, қазіргі жағдайға байланысты шешім қабылданады», - деді ол.
Еске салсақ, Президент былтыр күзде LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырған болатын.
Артынша осы жылдың қаңтар айының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің екінші департаментінің басшысы Сергей Перов елордада LRT құрылысын салу барысында қаражат ұрлау қылмыстық ісін тергеу шаралары аяқталғанын мәлім еткен еді. Оның айтуынша, анықталған шығын сомасы 5,7 млрд теңгені құрап отыр. Аталған іс бойынша 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексеріліп, үш адамға іздеу жарияланған.