Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранқаев құрылыс тоқтап тұрған Астана LRT жобасы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана LRT жобасының құрылысына келсек, ондағы тапсырыс беруші - қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы болып отыр. Астана LRT құрылысының екінші бөлігі бойынша әзірге техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Бұл негіздеме дайын болысымен, әрі қарай не болатыны түсінікті болады. Егер мемлекеттік сараптама бас тартпаса, яғни жобаны жөнсіз деп айтпаса, құрылысты жалғастырамыз», - деді басқарма басшысы Орталық коммуникациялар қыметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, заң бойынша мемлекеттік сараптама 45 жұмыс күнінде жауабын беруі керек.
Еске салсақ, Президент LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырған болатын.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдеу тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткенін айтып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашу екені түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін LRT құрылысы уақытша тоқтағанын хабарлаған болатынбыз. Оған қатысты Үкімет басшысы Асқар Мамин пікір білдірді.