31 қаз, 2019 сағат 10:00

Астана LRT ісі: Елорда әкімдігінің бұрынғы 4 лауазымды қызметкері күдікке ілінді

Елорда әкімдігінің бұрынғы 4 лауазымды қызметкері Астана LRT ісінде күдікті деп танылды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2-департаментінің басшысы Сергей Перов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тергеу жүріп жатыр. Бірқатар сараптама аяқталуға жақын, шығын көлемі еселеп өсті. Қазіргі уақытта 1 млрд теңгеден асып жығылады. Бүгінгі күні бұл іс бойынша 6 адам күдікті деп танылған. Оның ішінде әкімдіктің 4 лауазымды тұлғасы бар. Тергеу қорытындысы бойынша брифинг өткізіп, қоғамға нәтижесін жеткізетін боламыз», - деді ол агенттіктің алқа отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

С.Перов әкімдік қызметкерлерінің лауазымдары есімін атаудан бас тартып, олардың бұрын әкімдікте лауазымды қызмет атқарғандығын ғана айтты.

«Сот-экономикалық, сот-құрылыс сараптамалары жүргізіліп жатыр. Құрылыс бойынша орындалған жұмыстардың көлемін тексереміз, экономикалық сараптамалармен келтірілген шығын сомасын есептейміз. Тергеуге мұндай іспен айналысатын жеке компаниялар, Ұлттық банк сарапшылары жұмылдыылған. Тексеру жүріп жатыр», - деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, қылмыстық іс ақша қаражаттарын ұрлау фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.

«Біз бір айдың ішінде барлық сараптамаларды аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді С.Перов.

Сонымен қатар, Астана LRT-нің бұрынғы басшысы Интерпол арқылы іздеуде екендігін атап өтті.

Еске салсақ, Президент LRT құрылысын жеделдетуді және оған қатысты істі тергеуді тапсырған болатын.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдеу тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткенін айтып, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашу екені түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын қаперден тыс қалдырмау керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін LRT құрылысы уақытша тоқтағанын хабарлаған болатынбыз.