Астана қаласы әкімдігінің «НАЗ» мемлекеттік би театры өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтті.
25 жыл – ширек ғасырлық еңбек пен табысты шығармашылық жолдың көрінісі. Осы жылдар ішінде ұжым тек танымалдыққа ие болып қана қойған жоқ, көрермендердің махаббатына бөленіп, хореография әлемінде өнер мен сұлулықтың шынайы символына айналды. Елімізде ғана емес, шет мемлекеттерге «Қазақ» деген мыңжылдық тарихы бар ел болғанын, көне өркениеті мен мәдениеті болғанын хореография тілімінен жеткізіп жүрген бірегей театр.
1999 жылы филармония жанынан 4 биші қыздан шағын ансамбль ретінде құрылған «Наз» театры бүгінде 130-дан аса қызметкері бар үлкен өнер ордасына айналды. Астанамен түйдей құрдас болған театр елордамыздың мәдени-рухани дамуына зор үлес қосып, қаланың мәдениет кеңістігінде айрықша орын алды.
Осы жылдар ішінде репертуарының сан алуандығымен көрерменін таңқалдырып, 200-ден астам би мен хореографиялық қойылымдарды тарту етті. Спектакльдерде классикалық балеттен бастап заманауи би бағыттарына дейінгі жанрлардың әртүрлілігін көруге болады. Театрдың хореографтары нәзік сезімді бейнелейтін көріністерден бастап тарихи-драмалық шиеленіске толы кең ауқымды эмоцияларды жеткізе алатын хореографиялық спектакльдерді сахналады. Осындай елеулі еңбектерді еліміздің мәдениетіне сіңірген “Наз” ансамбльінің мерейтойы ауқымды атап өтілді. Мерейтой аясындағы іс-шаралар 4 бөлімнен тұрды.
Олардың ішінде айрықша атап өтетіні. Қазақстан Театр қайраткерлер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», журналист Толқын Сұлтанның “«Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес” кітабының тұсаукесері өтті.
Кітап, «Наз» мемлекеттік би театрының 25 жылдық мерейтойына арнап жазылған алғашқы еңбек. Еліміздегі тұңғыш би театрының құрылуы, қалыптасуы және жетістіктері, шығармашылық жолы сараланып, оқырманға ұсынылып отыр. Кітаптың би өнері жайлы айтар танымдық және тағылымдық мәні зор. Бұл еңбек өнер зерттеушілеріне, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушыларына, студенттерге және өнерсүйер қауымға арналған. Сондай-ақ, хореография саласының мамандарының театр жайлы ой-пікірлері және жалпы қазақ ұлттық би өнеріне деген пайымды ойлары баяндалады.
Толқын Сұлтан: «Осы кітапты жазсаң» деген ұсынысқа бір жыл ойланып, әрең келістім. Келіспеген себебім, аз уақытта материал жинап, оны қағазға түсіру, түсіну, қорытынды шығару оңай емес. Ал келіскен себебім, өзім қызмет ете жүріп, жан-дүниеңнің осы әлеммен тұтасып, шабыт алып, әртістердің жанкештілігіне таң қалып, өз бағасын ала алмаған кездерінде қарның ашып, жүрегің сыздайды екен. Аз болса да, осы театрдың дамуына өз үлесімді қосып, көзқарасымды білдіргім келді. Бұл кітап әдеби көркем шығарма емес. Мұнда нақты деректерге сүйенген, осы театрдың қалыптасуына ықпал еткен азаматтар мен әртістердің естеліктері мен пікірлері жан-жақты әңгімеленеді. Қазақ өнерінің жанашыры, аңыз адам, Өзбекәлі Жәнібековтің шекпенінен шығып, тәрбиесін көрген, өнерді шын түсініп, бағалай білетін би өнерінің майталмандары Қадиша, Еркебұлан Ағымбаевтардың, Ө.Жәнібековтен көрген ұлағатын өз тәжірибелеріне арқау етіп, үлкен ұжым құруы кездейсоқтық емес. Өз-ағаңның аты бекерге аталып отырған жоқ. Қазақ өнерінің, оның ішінде, жоғалуға шақ қалған би өнеріне жанашырлық танытып, 1985 жылы Алматы облыстық атқару комитетінде қызмет атқарып жүрген кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, ғалым Ө.Жәнібековтің тікелей қолдауымен «Алтынай» би ансамблі құрылған еді. Сол ансамбльдің құрамында болған ерлі-зайыпты Ағымбаевтар Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Ольга Всеволодская-Голушкевичтің би қойған дарын көзімен көріп өскен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдиева, Мәдениет қайраткері Дана Мырзабекова, Үсен Мақанов пен Тойған Ізім, Талғат Қылышбаев, Айгүл Құлбековалармен бір ұжымда еңбек етіп, би өнерінің қайнарынан тікелей сусындаған нағыз мамандар. «Наз» мемлекеттік би театры – халық биін тұңғыш кәсіби сахнаға шығарған Ысқақ Быжыбаев, Шара Жиенқұлова, Әубәкір Ысмайлов, Дәурен Әбіров сынды хас шеберлер идеясының XXI ғасырда іске асып, кемелденген түрі».
Кітаптын тұсаукесер рәсімін Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген әртісі», Қазақстан Халық әртісі Гүлжан Ізімқызы Талпақова, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер «Наз» би театрының рухани жанашыры Сайлау Батыршаұлы, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет үздігі, Қазақ КСР халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғайникамал Нығмеджанқызы Бейсенова, Қазақ КСР-ң Еңбек сіңірген әртісі, өнертану ғылымдарының ғылымдарының кандидаты, профессор Тойған Оспанқызы Ізім, Астана қаласы әкімдігі «Наз» мемлекеттік би театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, «Хореоргафия өнерінің қайраткерлер қоғамы» төрағасы Еркебұлан Ағымбаев жасады.