11 қыр, 2019 сағат 10:54

Astana IT университетінде 6 бағыт бойынша білім беріледі


Елордада EXPO аумағында орналасқан жаңа Astana IT университетінің таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсіміне ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов, «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» ҚҚ директоры Динара Құлыбаева және т.б қонақтар қатысты.

Білім ордасының негізгі мақсаты – «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында білікті мамандар даярлау. Оқу орнында криптография, робототехника, Big Data, жасанды интеллект, цифрлы криминалистика және бағдарламалау, т.б. пәндер оқытылады.  Биылғы оқу жылында университетке жалпы саны 579 грант бөлініп, 6 бағыт бойынша 613 студент оқуға түскен.

«Әлемдік стандарттарға сай, заманауи тұрғыда жабдықталған жаңа IT университеттің алғашқы студенті атану бүгінгі жастарға бұйырып отыр. Өмірдегі барлық нәрсе адамның өзіне байланысты. Әр адам заман талабына сай өсіп-жетіліп, өз елінің өркендеуіне үлес қосуы керек», - деді Б.Сапарбаев

Жалпы университет құрылысына 10 айға жуық уақыт жұмсалған. Бұл жерде білім алушылар 4 жылдық оқу бағдарламасын 3 жыл ішінде игеріп шығады. Білім ордасында барлығы 680 оқу кабинеті, оның ішінде 140 аудитория бар. Сонымен бірге спорт залдар мен тренажерлер, коворкинг аймақ, арнайы тақырыптық кабинеттер мен кітапхана жұмыс істейді.

«ІТ саласында білім алуға ниетті жастар еліміздің әр аймағынан жиналды. Бүгінгідей цифрландыру мен жаһандық даму кезеңінде білім жолындағы бәсекеге қабілеттілік біз үшін өте маңызды. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында осы бағыттағы дамуды қолға алу үшін киберспорт бойынша чемпионат өткізу жоспарда бар. Сіздердің университеттеріңіз EXPO аумағында орналасқандықтан, «Astana Innovations», «Астана» ӘКК, «iKomek» кеңселері отыратын саябақ ашуды жоспарлап отырмыз. Сәйкесінше, бұл сіздерге тәжірибе алуға және жұмысқа орналасуға жағдай жасайды. Оқу орны орналасқан аумақ өте ыңғайлы. Жанында сауда ойын-сауық орталығы, саябақ бар. Сіздерге ең бастысы – оқу керек», - дейді қала әкімі А.Көлгінов.

Айта кетейік, Astana IT University құрылтайшысы - «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қоры. Алдағы оқу жылынан бастап университетте білім алушылар саны 2 мыңнан асып, оның 1700 орынына грант тағайындау жоспарланған.