21 шілде күні Астананың қоғамдық көлікпен жүру тарифтеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Астана LRT» және елорда әкімдігі қалалық және қаламаңы автобустарына сараланған тарифтер енгізуді ұсынып, оны мәслихат депутаттары қолдаған болатын. Ондағы мақсат - қоғамдық көлік саласындағы көлеңкелі ақша айналымын түп тамырымен жою, бюджетке түсімдерді молайту, қаланың көлік жүйесін одан әрі дамытуға көбірек қаражат бөлу.
2018 жылдың 10 шілдесінде «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінде және Астана әкімдігі сайтында тиісті Қаулының мәтіні жарияланды. Сондай-ақ тұрғындарға электрондық карталарды сатып алуға 21 шілдеге дейін уақыт берілді. Себебі сараланған тарифтер қолма-қол және қолма-қол ақшасыз электрондық картамен есебеп айырысуды қарастырады.
Атап айтқанда, 21 шілдеден бастап қалаішілік автобустарда қолма-қол ақшасыз электрондық картамен төлеу 90 теңгені құрайтын болады. Электронды карталарды сатып алып үлгермегендер кондукторға қолма-қол ақшамен 180 теңге төлейді.
Сондай-ақ жолаушылар мен багажды қоғамдық экспресс көлікпен тасымалдау қолма-қол ақшамен 250 теңгені құрамақ (қазіргі тариф 150 теңге).
Астана қаласының қаламаңы қатынастарында қолма-қол ақшасыз электрондық карта арқылы төлеу 1 километр үшін 8,0 теңгеге тең. Ал қаламаңы қатынастарында қолма-қол ақшамен есеп айырысу 1 километр үшін 11,5 теңге болады.
Бұл ретте, электрондық картаны оқитын валидаторлар жұмыс істемей тұрса, жолаушылар автобуста тегін жүруге құқылы.
«Астана LRT» Басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов бүгін өткен баспасөз мәслихатында атап өткендей, тек соңғы екі күнде 16 500 көлік картасы сатылды. Жыл басында көлік картасын қолданушылар 5% болса, қазір 50% асып жығылды.
Тағы атап өтерлігі, бұған дейін жол жүру ақысынан босатылған жеңілдік санаттарындағы азаматтар үшін жолаушыларды тасымалдау ережелері өзгеріссіз қалады.
Еске салайық, елордалық зейнеткерлер 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жолақыдан босататын дербес электрондық карталарды рәсімдеуге міндеттелген болатын. Картаны алып үлгермеген зейнеткерлер 1 шілдеден бүгінге дейін 90 теңге қолма-қол ақшамен төлеп келді. Ертеңнен бастап 180 теңге төлейтін болады.
«Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына сәйкес, 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балалар үшін қалалық және қаламаңы қатынастарында астананың қоғамдық көлігімен жүру тарифі жолақының толық көлемінің елу пайызына тең.