Астанада қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлеу құны 180 теңгеге көтерілген кезден автобустарда кондукторлар алынып тасталынады. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Игенбердинов Бекмырза қоғамдық көліктегі тарифтер туралы өткен тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Жаңа жүйе бойынша мүлдем кондукторлар алынып тасталынады. Бұдан былай автобуста ұрыс-керіс те, соқтығысу да, адами факторлар да болмайды. Кондукторлар болмауы тиіс. Парктерде көлік бақылау қызметі жұмыс істейтін болады. Олар жолаушылардың билеті бар-жоғын тексеріп тұрады. Сараланған тарифті енгізгеннен кейін кондукторларды алып тастаймыз», - деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы
Сондай-ақ, Игенбердинов енгізілетін тарифтің жеңілдік санатындағы астаналықтарға еш қатысы жоқ екенін айтты. Яғни олар үшін қоғамдық көліктегі жолақы бұрынғыдай тегін болып қала береді.
«Бүгін біз талқылап отырған тарифтік өзгерістер қалалық мәслихатпен бекітілген алты жеңілдік санатындағы азаматтарға қатысы жоқ», - деді ол.
Ал көлік картасын сатып алғысы келмейтіндер жүргізушіден екі есе қымбат тұратын біржолғы билет сатып алады. Мұндай жолақы қала ішіндегі бағдарларда 180 теңге, ал экспресс бағдарларда 25 теңге.
«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының айтуынша, тариф қоғамдық көлік саласындағы қаражаттың «көлеңкелі» айналымына тосқауыл қоюға, қала бюджетіне ақша түсімдерін арттыру мақсатында және Астананың көлік жүйесін дамытуға жұмасалады.