26 нау, 2019 сағат 10:16

Астана атауын өзгерту үшін қосымша қаражат бөлінбейді - Қаржы министрі

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында елорда атауын өзгертудің ел бюджетіне салмағы туралы айтып берді.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ә. Смайылов Қазақстан астанасының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге байланысты нормативтік-құқықтық актілерге қосымша қаражат бөлу бойынша өзгерістер енгізу қажет еместігін атап айтты. Барлығы ағымдағы бюджет аясында іске асырылатын болады.

«Жақында біздің астанамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң қабылданды, осыған байланысты республикалық немесе жергілікті бюджеттен қандай да бір қосымша қаражат қарастырылып отырған жоқ.  Орталық мемлекеттік органдарға келсек, Нұр-Сұлтан қаласының аумағындағы ғимараттардың маңдайшаларындағы жазуларды ауыстыру үшін қаражат қажет, бірақ ағымдағы қаржыландыру аясында олар қаржыландырыла алады, яғни мемлекеттік органдарға жыл сайынғы бөлінетін қаражат аясында», — деді қаржы министрі.

Бланк өнімдеріне қатысты да айтарлықтай шығындар күтілмейді.

«Мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымына көшкенін ескеру қажет, сондықтан бланктерді басып шығару үшін қандай да бір айтарлықтай шығындар қажет емес», — деп атап өтті ол.

Жергілікті атқарушы органдар ғимараттарының маңдайшаларындағы жазуларға, көрсеткіштерге келсек, Ә. Смайылов атап өткендей, оларды ауыстыру асыра орындауды ескерумен жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын болады.

«Мен кеше қала әкімі Б. Сұлтановпен сөйлестім», — деді Ә. Смайылов және жалпы қаладағы ескірген маңдайша жазуларын, көрсеткіштерді ауыстыруға жыл сайын жергілікті бюджетте қаражат қарастырылатынын түсіндірді, яғни бұлар ағымдағы шығындар, оның аясында әкімдік осы маңдайша жазуларын, көрсеткіштерді біртіндеп ауыстыруды жоспарлап отыр, алдымен қалаға кіре берістерде ауыстырылатын болады, одан кейін кезең-кезеңмен қажетті жерлерде ауыстырылады. Басқаша айтқанда, қала билігі бұл мақсатқа қандай да бір қосымша қаражат бөлуді жоспарлап отырған жоқ.