22 там, 2018 сағат 21:09

Астана әкімдігі нөсерден кейінгі жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрады

«Астана көшелерін су алып кету жағдайларына жол берілгені үшін халықтан кешірім сұраймыз». ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов осылай деді.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 20 тамыз бен 21 тамыз аралығында Астананың оң жағалауында 36 миллиметр, ал сол жағалауында 45 милиметрлік жауын-шашын жауған. Бұл айлық нормадан 40 пайызға артық. Оның үстіне нөсерлі кәріз жүйесі үздіксіз жұмыс атқарып, бір тәулік ішінде бір миллион куб (немесе сағатына 45 мың куб) су қабылданды. Қаланың негізгі магистралды көшелерінде су басу жағдайы тіркелген жоқ. Айта кетерлігі, 20 тамыз күні сағат таңертеңгі 8-ден бастап, сондай-ақ 21 тамызда сағат таңғы 5-тен бастап толассыз жаған жауын тоқтамады. 20 тамызда жауын тек кешкі 18:00-де ғана саябырлады», - дейді ол.

Қосман Айтмұхамбетовтің айтуынша, осының салдарынан жауынның суын қабылдаушы техникалар үлгермей, Нәжімеденов, Тәуелсіздік, Момышұлы көшелерін су алып кеткен. Тек таңғы беске жуық аталмыш көшелерден суды сорып, тазарту мүмкін болған.

«Мамандандырылған кәсіпорындар мен коммуналдық кәсіпорындар осы уақыт аралығында тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеді. ОКҚ алаңын пайдаланып, қала халқына алғыс айта отырып, кешірім сұрағымыз келеді. Су алып кету жағдайларына жол берілді. Екі сағаттың ішінде мәселе ретке келгенімен, бәрібір жағдайдың орын алғанын жасыра алмаймыз», - деді Қосман Айтмұхамбетов.