14-22 наурыз аралығында Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамына орай Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында байқау жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". «Астана Наурызы 2019» қалалық байқауын елорда әкімдігі ұйымдастырып отыр.
«Оған аудандық әкімдіктер, басқармалар, акционерлік қоғамдар, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, қоғамдық бірлестіктер, сауда, ойын-сауық орталықтары, бизнес орталықтары, БАҚ және әлеуметтік желілердің пайдаланушылары қатыса алады», - делінген әкімдіктің ресми сайтындағы ақпаратта.
Қатысушылар киіз үйді ұлттық нақышта безендіру, Наурыз мейрамын қарсы алу рәсімдерін көрсету (Наурыз жырын айту, сәлемдесу, көрісу, кешірім жасау, қайырымдылық көрсету), мейрамға арналған бағдарлама ұйымдастыру, ұлттық тағамдарды ұсыну сияқты сайыстарда бақ таластыратын болады.
«Олардың киімдері қазіргі заман талабына сай ұлттық нақышта, жарасымды, этикалық, эстетикалық талғамда болуы керек», - дейді ұйымдастырушылар.
Ал БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілердің пайдаланушылары өз материалдары (үздік сюжеттер, бағдарламалар, роликтер, мақалалар) #АстанаНаурызы2019 хештегі бойынша жарияланған посттар) арқылы Наурыз мейрамын насихаттауы тиіс.
14-22 наурыз аралығында конкурс cарапшылары мекемелерді аралап, жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес оларға баға беретін болады. Байқау қорытындысы 29 наурызда салтанатты іс-шара барысында анықталады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.