29 қазандағы жағдай бойынша Астанада 10 мың тоннадан астам көмір қоры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елорданың қысқа даярлығы туралы Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов кеңірек айтып берді.
«Өткен аптада, яғни 19-26 қазан аралығында қаламызға 174 вагон қатты отын жеткізілді. Ол дегеніңіз - 12059 тонна көмір. Оның ішінде 64 вагон Шұбаркөлден, 26 вагон Қаражырадан, 56 вагон Майкүбіден келсе, 22 вагон Кузнецкий маркалы көмір болса, 6 вагон Богатыр маркалы көмір. Өткен аптаның сенбі-жексенбісінде және дүйсенбі күні таңертең бізге 61 вагон, яғни 4253 тонна көмір елордаға жеткізілді», - дейді ол елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Мақсат Есмағұловтың айтуынша, 61 вагонның 35-і (2335 тонна) Шұбаркөлден, 6 вагоны (420 тонна) Қаражырадан, 14 вагоны (978 тонна) Майкүбіден келсе, 6 вагоны (420 тонна) Богатырь маркалы көмір болып отыр.
«Осы жылы Астана қаласының әкімдігі мен көмірді сататын 8 компания өзара меморандумға қол қойған болатын. Аталған келісім аясында бізде көмірдің әр түріне байланысты бағалар бекітілді. Яғни, қазіргі таңда Шұбаркөл көмірінің тоннасы 13600 теңгеден, Қаражыра көмірінің тоннасы 14000 теңгеден, Майкүбі 12500 теңге, Богатырь көмірі 9500 теңгеден, Кузнцкий көмірі 12500 теңгеден сатылып жатыр. 29 қазан кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша жалпы көмір қорының мөлшері 10 мың 255 тонны құрайды», - дейді ол.
Оның айтуынша, көмірдің жеткізілуі бойынша қазір жағдай тұрақты.
«Өткен жылғыдай үлкен дүрбелең қазір жоқ. Бұның бәрі де маусым айынан бері белсенді түрде жүргізілген әкімдіктің арқасы екенін айта кету керек», - дейді Мақсат Есмағұлов.