14 қыр, 2017 сағат 00:52

Ассамблея мүшелері мемлекеттік тілдің латын графикасына өтуін қолдайды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында мемлекеттік тілдің латын графикасына өту жайы талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында өткен кеңестің отырысына кеңес мүшелері мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ пен облыстық мәслихаттағы «Ел бірлігі» депутаттық тобының жетекшілері мен белді өкілдері қатысты.

Кеңес отырысын Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов ашып жүргізді.

Ол өз сөзінде күні кеше ғана мемлекеттік тілдің латын графикасына өтуі бойынша парламенттік тыңдау өткенін хабарлап, бұл мәселе бойынша жалпыхалықтық талқылау жүргізу бойынша шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Қазақ тілінің латын қарпіне өтуі заман талабы мен өркениет сұранысы екендігін айтып, байыпты бастаманың негізгі артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікір білдіруге шақырды. Жиналған ұсыныстар мен пікірлер екшеленіп, тиісті органдарға ұсынылатынын хабарлады.

Отырыс барысында ОҚО ҚХА төрағасының орынбасарлары облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочоришвили, Қазақстандағы өзбектер қоғамдық бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының жетекшісі Икрамжан Хашимжанов, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Байдулла Қонысбек, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңісбек Мәуленқұлов, ОҚО ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, профессор Асма Қалыбекова сөз сөйлеп, елімізде уақтылы қолға алынған бастаманы бірауыздан қолдайтындығын жеткізді, Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұсынған қазақ тілінің латын графикасына негізделген əліпби жобасын осындай отырыстар мен жиындарда жан-жақты саралап, талдап, талқылауға шақырды.

Бүгінде ұлттық қаріп жүйесіне реформа жүргізген Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді бұрынғы Одақтас республикалардың тәжірибелерін зерделеп, олардың кемшіліктерінен сабақ алуға болатынын айрықша айтқан қатысушылар жаңа әліпби бойынша түсіндіру жұмыстарына барынша басымдық беру керек деген уәжге тоқтады.