"Әскери қызметкер Саранда адам қағып өлтірді": марқұмның анасы видеоүндеу жасады
Қайрат Ташенов
Қаза тапқан Қайрат Тәшеновтің анасы видеоүндеу жасап, ұлының өлімі үшін ешкім заң алдында жауап бермегенін айтты. Мамырда жігіттің қайтыс болғанына бір жыл болады, ал күдікті саналатын әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс созылып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Нағила Тәшенова видеоүндеу жасаған. Әйел жалғыз ұлын жоғалтқанын айтып, оның өліміне кінәлі адамдардың заң бойынша жазалануын талап етіп отыр.
"Оқиға былтыр 27 мамырда болды. Жақында бір жыл болады. Қарапайым қылмыстық іс созылып кетті, 4 рет тоқтатылды. Қылмыс ретінде саналмайтынын айтады. Олар ұлымның велосипеді бұзылғанына сендіруге тырысты. Тіпті ұлым өзі тұрған көлікке соқтығысқан деген нұсқалар да болды. Содан кейін көлік сағатына 24 шақырым жылдамдықпен жүргенін айтты. Бірақ бұл - абсурд. Осындай жылдамдықпен жүрсе, ұлым мұндай жарақат алмас еді. Ұлымның қабырғасы сынған, кеудесіне зақым келген. Олар дереу жедел жәрдем шақыруы керек еді. Дәрігерлер уақыт жоғалтқанын айтты", - деді Нағила Тәшенова.
Сондай-ақ, жәбірленуші ұлын қағып өлтірген әскери қызметшілер сол кеште мас болғанын айтты. Әйелдің айтуынша, бұл тергеу барысында анықталған.
"Сол күні әскери қызметші мен оның досы көлікте сыра ішкенін көрген куәгерлер бар. Жанында тағы бір қыз болған. Олар полицейлердің қуғанынан жасырынуға тырысып, шамдарын сөндіріп тастап, ұлымды қағып кеткен.
Куәгерлер әскери қызметшілер ұлымды қағып кеткен соң оны көтеруге тырысқанын көрген. Олар не істегісі келгенін де білмеймін. Істің сотқа жолданғанын және кінәлілердің заң бойынша жазаланғанын қалаймын", - деп толықтырды Нағила Тәшенова.
ІІМ баспасөз қызметі өкілі қазір соталды тергеу мерзімі тоқтатылғанын айтты.
"Биыл 26 ақпанда соталды тергеу мерзімі сот-фототехника сараптамасы жүргізілуіне байланысты тоқтатылды. Сараптама аяқталғаннан кейін іс бойынша түпкілікті шешім қабылданып, тергеу қайта басталады. ҚР ҚІЖК 201-бабы 1-бөлігінде көзделген соталды тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмеуіне байланысты толық ақпарат берілмейді", - деп жауап берді ведомство қызметкері.