Жамбыл облысында 442 мектеп бар, оның 260-да дәретхана ғимарат сыртында орналасқан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өкінішке қарай, бізде мектептер ішіндегі дәретханалар өткендегі оқиғадан соң пайда болуда. Біз бұған дейін әкімдік тарапынан аталған проблеманың қалай шешілетіні туралы айтқан болатынбыз. Жалпы мектептердегі дәретханаға қатысты талдау ол оқиға орын алмай тұрып басталған», - дейді Асқар Мырзахметов.
Оның айтуынша, облыста 442 мектеп бар, оның 260-да дәретхана ғимарат сыртында орналасқан.
«Мектептердің сыртында орналасқан дәретханалар мәселесін қарастыра келе, 108 мектепке әжетхананы ішке орналастыруға болатындығы анықталды. Әжетхананы мектеп ішіне кіргізуде кәріз, су жеткізу мәселесімен қатар коммуникация мәселесі бар. Жоспар бойынша келесі жылдан бастап мектеп әжетханаларын ішке ораналастыру мүмкіндіктерін қарастырамыз», - дейді ол.
Еске сала кетсек, Тараздағы мектептердің бірінде даладағы дәретханаға сұранып шыққан оқушы қызға 38 жастағы ер адам сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетті. 15 қарашада күдікті қолға түсті.
Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал, зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.