Ұлттық жобалар жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берді. Бүгін біз ұлттық жобаларды қарадық, оларды 2021 жылғы 24 қыркүйекте Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте Мемлекет басшысы мақұлдаған болатын. Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді. Ұлттық жобаларда көзделген іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерге толығымен сәйкес келеді», - деді Асқар Мамин.
Ұлттық жобалардың басымдықты міндеттері - экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша маңызды міндеттерді шешу.
«Міндеттерді іске асыру үшін ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен басым қаржыландыру көзделген», - деді Премьер-Министр.
Отырыс барысында тиісті Үкімет қаулыларына дауыс беріліп, бекітілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үш ұлттық жобаны таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы жайында баяндады.