25 қар, 2021 сағат 19:45

Асқар Мамин ШЫҰ елдері Үкімет басшылары кеңесінің 20-отырысын өткізді


ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) мерейтойлық 20-отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру бойынша биыл қол жеткізілген елеулі ілгерілеуді атап өтті. 2021 жылдың 7 айында ШЫҰ аясында өзара тауар айналымының көлемі 40%-ға жуық ұлғайды. 

Қазақстанның Ұйым елдерімен тауар айналымы биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,1%-ға өсіп, $36,5 млрд құрады. Бұл көрсеткіш сондай-ақ пандемияға дейінгі 2019 жыл кезеңіндегі көрсеткіштен 22,1%-ға ($29,9 млрд) жоғары.

А. Мамин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ынталандыру, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын және оны іске асыру жоспарын жедел әрі кезең-кезеңімен орындауды қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы ШЫҰ аясында АӨК өнімдерінің тауар айналымы 12,4%-ға артып, $15,4 млрд құрады. 

ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі резервін және азық-түлік саласындағы инвестициялық қорды құру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ «ШЫҰ-ның жасыл белдеуі» бағдарламасын іске асыру жұмысын жандандыруды ұсынды. 


ШЫҰ-ға қатысушы елдердің өзара сауда әлеуетін толыққанды іске асыру мақсатында Үкімет басшысы Қазақстан тарапы бастамашылық еткен Еуразиялық сауда және тауар өткізу жүйесіне аса белсенді интеграциялану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Премьер-Министр ШЫҰ-ның транзиттік-көлік әлеуетін іске асырудағы елеулі ілгерілеуді атап өтті. Биылғы жылдың 10 айында Қазақстан аумағы арқылы Орталық Азия, Парсы шығанағы елдері, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттары, сондай-ақ Транскаспий бағыты бойынша шамамен 883,2 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегіден 25%-ға артық. Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнер тасымалдарының көлемі 36%-ға өсіп, 604,5 мың ЖФЭ құрады. 

«Бір белдеу, бір жол» бастамасын, аймақтағы ең ірі транзиттік хаб ретінде республиканың әлеуетін, сондай-ақ ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Үкіметінің бағдарламаларын одан әрі іске асыру біздің елдерімізді одан әрі интеграциялау және біз өндіретін құнның үшінші елдер нарықтарына шығу әлеуетін арттыру үшін берік негіз құрайды», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы ҚХР-мен шекарадағы темір жолдардағы қазіргі жағдай транзиттік-көлік ағынын одан әрі арттыруға қатер төндіретінін атап өтті. ҚР Премьер-Министрі қытайлық әріптестерден жүк ағындарын қалпына келтіру және ұлғайту бойынша жедел шаралар қабылдауды қарастыруды сұрады, бұл бүкіл аймақ бойынша сауда-саттық көлеміне оң әсерін тигізетін болады. 

Отырысқа Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян, Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Пәкістан сыртқы істер министрі Махмуд Шах Куреши, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Моңғолия Премьер-Министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердымухамедов және т. б. қатысты. 

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету шаралары талқыланды. ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің 2020-2021 жылдардағы қызметі, ұйымның 2022 жылға арналған бюджеті және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының қаржылық және ұйымдастырушылық қызметіне байланысты басқа да мәселелер қаралды. Бірлескен коммюнике мен ШЫҰ Технопарктер пулын құру тұжырымдамасы қабылданды.