13 жел, 2021 сағат 14:30

Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті болып қайта сайланды


Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан хоккей федерациясының (ҚХФ) XIV республикалық конференциясы өтті. Шара барысында Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті болып қайта сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат федерация ақпаратына сілтеме жасап.

Конференцияға Атқару комитетінің мүшелері, өңірлік филиалдардың, хоккей клубтарының және Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары қатысты. 

Шарада ҚХФ президентінің 2016-2021 жылдар аралығындағы жұмысы туралы есебі, федерацияның жарғысы мен ережесі, штаттық құрылымы қаралды, басқару және бақылау органдарының сайлауы өткізілді. Конференция қатысушыларының бірауызды шешімімен Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті лауазымына қайта сайланды.

А. Мамин өз сөзінде қазіргі уақытта ерлер арасындағы Қазақстан командасы әлемдік рейтингіде 19-дан 13-орынға көтерілгенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қазақстандық құрама командалар 19 әлем чемпионатына, Қысқы Азия ойындарына, екі қысқы Дүниежүзілік Универсиадаға, олимпиада іріктеу турнирлеріне қатысып, 14 медаль жиынтығын жеңіп алды. 

ҚХФ президенті хоккей лигаларының, оның ішінде жастар, әйелдер және әуесқой лигалардың жоғары даму қарқынын, чемпиондық титул мен Қазақстан Республикасының Кубогы үшін бәсекелестіктің артқанын атап өтті. 

Балалар мен жасөспірімдер хоккейінің дамуындағы оң динамиканың артып келе жатқаны байқалады. Республикада 30 хоккей мектебі бар, оларда 269 жаттықтырушы жұмыс істейді. Командалар мен ойындардың саны ұлғайып келеді. Өткен кезеңмен салыстырғанда хоккеймен айналысатын балалар саны 32% – 7,3 мыңнан астамға өсті. 

Бүгінде ҚР-да 34 жабық мұз аренасы мен модульдері бар. Жақын арада Павлодар қаласында мұз модулін және Қостанай қаласында мұз аренасын ашу жоспарда бар. 

2022 жылғы қаңтарда хоккейшілерді даярлайтын «JAS NOMAD» республикалық бағдарламасының бірінші блогын және Salem Hokei жобасын іске қосу жоспарланған. Оның мақсаты – балаларды спортқа тарту. Бүгінде сайт, мобильдік қосымша әзірленді, киім-кешек пен құрал-жабдықтар сатып алынды. Олар Демалыс күнгі хоккей жобасына қатысатын хоккей мектептеріне беріледі. 

Алдағы кезеңде Федерация өңірлерде хоккейді дамыту, БЖСМ-нен бастап Жастар хоккейі мен Кәсіби хоккейге дейін хоккейшілерді даярлаудың толыққанды клубтық жүйесін құру, әйелдер хоккейінің географиясын кеңейту, өңірлерде жаңа хоккей мектептерінің, Қызылорда, Шымкент, Атырау және Ақтауда жастар хоккей клубтарының, Оралда кәсіби клубтың ашылуына жәрдемдесу жөніндегі жұмысты күшейтеді.