17 қар, 2018 сағат 11:08

Асқар Мамин қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерін аралап көрді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған топ іс-сапармен Түркістан облысына келді. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевпен қазақ-өзбек шекарасындағы кеден бекеттерін аралап көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Астаналық қонақтар шекара бойындағы «Жібек жолы» бақылап өткізу бекетінің жұмысымен танысты. Содан кейін қазақстандық делегация Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов бастаған делегациямен кездесті. Тараптар жүктерді өңдеу уақыты мен азаматтардың шекарадан өту процесін оңтайландыру және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда - экономикалық тауар айналымын арттыру мүмкіндігін қарастыру жайын талқылады.

Айта кетейік, екі ел арасындағы экономикалық әріптестік қарым - қатынас уақыт өткен сайын нығайып келеді. Сондай-ақ, шекарадағы алыс - беріс, барыс -келістің де көрсеткіші ұлғая түскен. Мәселен, 2017 жылдың 5 айында «Жібек жолы» бақылап өткізу бекетіннен 2,4 миллионнан астам жеке тұлға шекара асса, биылғы жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіш 4,2 миллионға жеткен.

Ал, өткен жылы 9277 жеңіл автокөлік өткен болса, ағымдағы жылы 34915-ке жуықтаған. Одан бөлек, жыл басынан бері жолаушылар тасымалымен айналысатын бағыттар іске қосылып, нәтижесінде 1283 автобус Қазақстан аумағына келіп кеткен.