23 там, 2019 сағат 14:16

Асқар Мамин Ақтөбедегі тігін цехынан күртке сатып алды

Үкімет басшысы Ақтөбеге сапары кезінде арнайы киім тігетін цех жұмысымен танысып, өзіне күртке сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жұмысшылар киімін тігуге дағдыланған цехқа бүгін Премьер - Министр Асқар Мамин кіріп, отандық өнімнің сапасымен, бағасымен танысты.

Үкімет басшысы аралап көрген «Глобал Спецодежда» ЖШС-нің тігін цехында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 30 пайызы көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандар. 2004 жылдан бері жұмыс істейтін өндіріс орны жылына 250 мың киім-кешек тігеді.

«Бар болғаны 18 мың теңге тұрады. Жұмысқа, іс-сапарға киемін. Сапасы жақсы, өзгелерге де сатып алуға кеңес беремін», - деді Үкімет басшысы.

Цех матаны Корея, Ресей, Түркиядан тапсырыспен алдырады. Мұнайшылар мен құрылысшылар көп тапсырыс беретін цех кез келген сатып алушының өтінішін орындай алады. 

«Асқар Мамин 54 өлшемді күртке сатып алды. Ол өз картасымен төлем жасады. Құнын төмендетіп жазу туралы ойымызда болмаған, бәріне ортақ бағамыз осы. Арнайы киімдер қолжетімді бағада сатылады», - компания өкілі Ксения Манатова.

Айта кетейік, іс-сапар кезінде Премьер – Министр Асқар Мамин Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысымен, кірпіш зауытының құрылысымен танысты. Бар өнімді экспорттап отырған Ақтөбе ферроқорытпа зауыты елімізде бірегей жобаны іске қосқан. Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастырудың ерекше тәсілі қолданылады. Яғни, 12 жұмысшы алып, олардың үйін комьютермен жабдықтап, зауыт ішіндегі бейнебақылау камераларына тікелей қосылуға мүмкіндік берген. Тәулік бойы бақылау жүргізіп, техникалық қауіпсіздік ережесі бұзылса хабар беріп отырады.

«Халықтың бақылау» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне жұмыс бөлмесін жасақтап бердік. Диспетчерге бірден хабарлап, ереже бұзылғанын айтып отырады. Екі айда барлығы 600 бұзушылық анықталған екен. Біздің жобаны еліміздегі өзге өндіріс орындары кәдесіне жаратпақ», - деді «ҚазХром» ТҰК» АҚ-ның президенті Арман Есенжолов.