21 жел, 2021 сағат 16:59

Асқар Ақаев: Енді Қырғызстанға кез келген уақытта бара аламын


Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев Мәскеуге оралған соң "Московский Комсомолец" басылымына сұхбат берді. Ол туған елінде өзіне қозғалған барлық істің жабылғанын айтты, деп хабарлайды Азаттық.

"Енді кез келген Қырғызстан азаматы сияқты ол жаққа қалаған уақытымда бара аламын. Әрине, бұл жерде қазіргі президент Садыр Жапаров басты рөл атқарды. Ол жеке өзіме хабарласып, 16 жыл ішінде менің үстімнен көп іс қозғалғанын, көбі ойдан құрастырылғанын, бірақ оларды жабу үшін жауап беруім қажет екенін айтты" деді Ақаев. 

Сонымен қатар оның сапары президент Садыр Жапаров пен Ресей басшысы Владимир Путинмен келісілгенін хабарлады. 

Оның сөзіне қарағанда, "2005 жылы [Құрманбек] Бакиев, [Алмазбек] Атамбаев және [Роза] Отынбаева бастаған топ Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасаған". Артынша әрқайсысы кезек-кезегімен президент болып, мойнына қандай да бір істі ілмек болған. Ал Бас прокуратура көптеген айыптың ойдан шығарылғанын мойындаған. Асқар Ақаевтың пікірінше, тек Садыр Жапаров қана мәселені "әділ қараған". 

Бірінші президент сонымен бірге әзірге Қырғызстанға оралуға дайын емес екенін, Мәскеу мемлекеттік университетіндегі қызметін жалғастыратынын айтқан.

Асқар Ақаев Бішкекке 14 желтоқсанда келген. 20 желтоқсанда оның "Құмтөр ісі" бойынша жауап бергеннен кейін Мәскеуге ұшып кеткені белгілі болды. Оның әріптесі Бекболат Талғарбеков тергеу органдары оған тағылған айыптардың барлығын алып тастағанын хабарлады. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті бұған байланысты түсініктеме бермеді.

Ақаев кейінгі 6 айда Қырғызстанға екі рет келді. Алғаш рет тамыз айында келіп, Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Құмтөр ісі" бойынша сұрақтарына жауап берген. Бұрын ол "Құмтөр" алтын кенішін сату кезінде жемқорлыққа араласты" деген айыппен іздеуде болған.

Бұрынғы премьер-министрлер Тұрсынбек Чынғышев, Апас Жұмағұлов және "Қырғызалтын" мемлекеттік концернінің бұрынғы президенті Дастан Сарығұлов "Құмтөр" кеніші бойынша бас келісімге келіп, 1994 жылы өзгерткенде жемқорлық жасады" деген айыппен сырттай қылмыстық жауапқа тартылған.

Асқар Ақаев 1990 жылдан 2005 жылға дейін Қырғызстан президенті болды. 2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда халық толқуы болып, соның нәтижесінде елден кетуге мәжбүр болған. Отбасымен бірге Ресейге қашқан Ақаев сол жақтан саяси баспана алды.

Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кеніші. Одан түскен кіріс ел экономикасының шамамен 9 пайызын құрайды. Қырғызстанның қазіргі басшылығы бұрынғы билік тұсында кеніш айналасында жемқорлықпен келісім-шарт жасалған деп санайды. Бұрынғы шенеуніктер мен кенішті игерумен айналысқан канадалық Centerra Gold компаниясы мұны жоққа шығарады.



Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.