27 сәу, 2021 сағат 11:30

«Ashyq» жобасына қатысатын субъектілер қатарын кеңейту ұсынылды


Бір аптаның ішінде 5 мыңға жуық кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беретін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кешегі мәліметке қарағанда «Ashyq» жобасына 1658 кәсіпкерлік субъектісі қатысып отыр. Тағы қосымша 670 өтініш келіп түсті. Үкімет шешімімен кешеден бастап бұл жоба еліміздің барлық өңіріне таратылды. Біздің есебіміз бойынша 1 аптаның ішінде 5 мыңға жуық кәсіпкер жобаға қатысуға өтініш беретін болады», - деді Абылай Мырзахметов. 

Оның атап өтуінше, жоба Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбе, Тараз қалаларында жақсы дамып жатыр. 

«Ashyq» жобасына қызығушылық танытқан барлық кәсіпкер мобильдік қосымша арқылы оны қалай енгізуге болатындығына қатысты алгоритммен таныс бола алады. Яғни, кәсіпкерлер күнделікті ақпарат алып отыр. Қызығушылық өте жоғары. Шектеу шаралары кезінде кинотеатрлар жұмысы тоқтап қалған еді. Бүгінде жобаның арқасында 48 өңірде кинотеатрлар жұмысын бастады», - деді ол. 

Сонымен қатар ол балалар демалыс лагерьлері, балалар сауықтыру орталықтары, көрмелер, үлкен сауда орталықтарындағы фуд-кордтар, жоғары оқу орындары «Ashyq» жобасына қатысуға дайын екендігін және оларға да рұқсат беру қажеттігін атап өтті.