Келешегі жоқ ауылдар деген сөз елес боп, ен даланы мекендеген жұртты үркітіп, «коммунизм елесіндей» кезіп жүр. Келешегі жоқ ауыл болса, онда келешегі жоқ ел де болмақ. Бұл түбірінен қате түсінік. Бұл қауіпті ұғым. Ата-бабамыз тау-таудың сай-саласына, өзен-өзектің бойына қыстақ салып мыңғыртып мал өсірген, кейін колхоз-совхоз болып тірлік еткен Ұлы Даладағы ауылдарды шетінен жойып жіберудің ар жағын ойлаудың өзі қауіпті. Ұлы Даладан жұрт көшіп кетеді екен. Сонда, ол даланы енді кім мекен етпек, кімге береміз. Құртша құжынап өзіне сыймай бара жатқандар бос далаға ағыла жөнелмесіне кім кепіл.
«Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қайтіп күн көрер», – деп өзі түгілі бар табиғатына сүйсініп, сол табиғаттың бір бөлшегінің тірлігін мұң еткен абыз ақсақалдың сөзіне ерген осы ел ғасырлар бойы не қиындық көрсе де осы Даланы мекен еткен. Адамбай-Тұрсын 18 мың жылқы бағып, Жәңгір Төре 17 мың сары-ала, боз бен құланы өсірген. Қысы қатты Тағылыда Ботбай бай 40 мың қойға ие болған. Мың қой, жүз жылқысы барларда шек жоқ. Ырыс осылай еді.
«Адамзатты дүрліктіре кірген ХХ ғасыр қазақ халқына адами қияметтің неше алуан пәлесін ала келген. Еуропадан өтіп қазақ жеріне жеткен «коммунизм елесі» көшпелі елдің керегесін қиратып, тірлігінің бар көзі малды тартып алып, ғасырлар бойы «аштан өлген қазақтың моласы жоқ» деп келген қазақты жертезек етіп қырып салды, «ей» дегенін оққа байлайды.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер, – деген абыз елдің көңілі мұңлы, көзі шерлі болса да тірлікке ұмтылды. Бұрынғы рулық-туысқандық тірлігіне жақын келетін колхоз,совхоз дегенге еріксіз болса да бас сұқты. Сол шаруашылықтарда талай 40 мың қой, пәленбай мың сиыр өсірді. Егін салды. Аштықтан құтылды. Комплекстер салып, сонда сауыншылық еткен әйелдер әппақ халатпен жүріп еңбек етті. Қой баққан шопанның үйін автомонша іздеп келді, автоклуб ән салды. Әр үйдің үстелінің үстінде «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» жатты. Төңкеріліп қалған социализмді қанша жамандасақ та мойындайтын осындай шындық та бар еді.
Ғасыр соңында тәуелсіздік алдық. Қуанбаған қазақ жоқ. Шоқынып кеткен біреу болмаса той жасамаған шаңырақ жоқ. Соған ілесе «приватизация» деген тағы бір елес, енді жата қалып бай-батша боласың деген қияли елес баурап ала жөнелді. Тарпа бас салып, тонау басталды. Жұмаділ деген ақсақал айтыпты «Заман түзелді, ел талағанға ескерту, кісі өлтіргенге сөгіс» деп. 40 мың қойдан бір жылда мыңы қалған. Әйтеуір, бір жаққа, бір қарызды өтеуге күні-түні жөнелтілген. Тақыр таза қалуға айналғанда қалғанын жұрт «бөліскен» болған совхоздарда жетерлік. Екі мың қойды меншіктеп, екі жылдан соң ақ таяқ ұстап қаңғып, тракторын металломға өткізгеніне мәз болған жұртта жетерлік. Әр совхоздан жүздеген шақырымдағы қыстақтарға электрдің тоғының сымы тартылып, бүкіл дала, ауыл-ауыл, қойнаудағы қыстақтар самаладай жарық шашатын. Мыңдаған шақырымға кетіп жатқан тоқтың алюмини сымын кез келген жерінен үзіп, сыпырып алып, жат елге өткізіп, ауыл-ауылдың болашағына балта шаптық. «Өткізбеңдер» деп тыйым салған үкімет, «бұл қалай» деген облыстардың да, ауданның да әкімі жоқ. Бәрі аш қасқырдай жұлқа тартып, жеп жатыр. Өзімізді-өзіміз тонадық. Тыр жалаңаш (дамбалсыз) қалғанымызға не жосық? Жат ел мазақ етіп, күлген болар. Біреулер «келешексіз ауылдар» дегенді сол кезде ойластырған болар. Мың айдаған Ақшағыл, Ақадыр, Айыртас, Қарабұлақ т.б талай шаруашылықтың орнында құлаған үйлер мен күлдің үйінділері ғана жатыр. «Фермер» болып шыққандар әр жерде шашау-шашау. Жарық түгілі электр бағандарына дейін «ие» табылып, алып кеткен. Сол «ие» тоққа неге «ие» болмағаны белгісіз, әрі ол жазасыз. Көптеген қыстақтарда шошайып тек еркектер ғана жүр. Жанында әкесінің атын ұмытқан бірер бичтер ғана бар. Әйел… Әйелдері «цивилизациясы» бар орталықтарда. «Цивилизацияның» түрі теледидар. Әйелсіз үй-ошақсыз үй. Жылуы жоқ жерде кім қалады. Ол құритын қыстақ, үмітсіз шаруашылық. Кәрі әкесі «өлген соңды» күтіп жүргендей хал. Жәмші өзені бойындағы елді аралап келе жатып, бес жүзден аса қойы барға кезіктік. Мал өсіргеніне қуандық. Арты мұң. Соңғы жиырма жылда газет-журнал көрмепті. «Жұлдыз»… әй, ондай журнал бар ма еді? Балалары сөйлейді, тыста қой маңырайды. Осы біз қайда келдік? Бізге ЭКСПО керек-ақ! Бірақ… «Цивилизациясы» бар орталықта ондай-мұндай оқу бітірген, өтірік «университеттің» жалған «дипломына» ие талайлар бос жүр. «Оқып» жатқанына мәз талай әке бар. Жұмыссыздықтан керенау тартқан бозбала жетеді. Совхозға жегіліп, еңбектің сынынан өткендер елеулі жасқа келген. Ендігілер еңбексіздікке бой алдырған, сөзі сұйық, безбелеу бозжігіттер.Ал, қыстақ қол ұшын берерге зар. Қыстақтың маңы үйілген тезек-қиға толы. Сол малдың боғынан газ алып, үйге жарық тартатын технологияны газеттер жазды да қойды. Осы қыстақта ел бар-ау, олар бізді аспен қамтамасыз етіп отыр, осы жақсылықты соларға орнатып, не көрсетіп берейік деген бір министр, не депутат, не әкім болсайшы. Қыстақтағылар түн баласы майшамға үңілген.
Міне, осы тығырықтан президент шығудың жолын ұсынғандай. Бірігіңдер деген. Бірігіп өмір сүрудің келешегі барын да айтқан. Тек қашан? Қандай жолмен дегенді ел де зарығып күткендей. Ауыл үшін мектеп деген де бас ауыртар шаруаға айналды. Сонау соғыстан кейінгі 1945-50 ж аралығында шағын колхоздың 5 (бес) баласы үшін біз жамандап жүрген социалистік үкімет екі мұғалім ұстаған еді. Бірінші класта екеу, қалғаны бір-бірден. Оқысын, ел болсын деген ниет жататын. Ауыл көркейуі үшін мектептің болуы алғышарт еді. Бүгін бұл да төңкеріліп бара жатыр. Орталау мектепте 41 бала болсын, әйтпесе… Әйтпесе жабылады. «Жап та жап» деп ұрандасып шыға келген жағдай. 39 не 40 оқушы… Ол құритындар санатында. Мектеп жабылса ол ауыл да тас-талқан болмақ. Осы жерде көшпелі ел болғанның белгісі ретінде үйілген топырақ пен күл ғана қалмақ. Кешегі социализм заманында осы Шет ауданында «миллионер» атанған аса бай екі колхоз болушы еді.Соның бірі осы Қызылту. Қызылтудың халқы мектепті сақтап қалуға жанталасуда. Халықпен кездескен едік 11 ата-ана жетім балаларды асырап алуға ықылас білдіріп отыр. «Сауап қой бұл. Ауылда өсірсек нағыз қазақ баласы болады ғой» деседі. Жасы алпысқа енді ілігетін ақсақалға «сізге бермес, қарт дер» десті. «Оу, ағайын, сонда қалай? Мен әлі жиырма жыл өмір сүремін. Мен асырап алған бес жастағы бала сонда 25 келеді екен.Бұл не қитұрқылық» деп ренжіді ақсақал. Шын, ау осыны әлгі заң қабылдағыш депутаттар ойластырғаны жөн шығар. Ресми деректер республикада жетім және ата-ана қомқорлығынсыз қалған 33680 бала бар екенін жазған. Арменияда армянын баласын асырауға тек армянға береді. Израилде еврей баласын еврей ғана тәрбиелейді. Ел болуды мықтап ойласақ жетімханадағы бір әкеге, не бір анаға зар болып отырған баланы ауыл-ауылға орналастыруды нақтылап қолға алу керек. Нағыз талантты өнер адамдары да ғалым да аяғымен жер басып, ақтүтек боранды көріп, көк майса шалғынға аунап, шыбын шағып, қара көк аспандағы сансыз жұлдызға телміріп өскен ауыл жастарынан шығады. Ауыл- қазақтың тамыры үзілмес генефонды.
Ауыл мал өсірсін дегенді ешкім теріске шығармайды. Бірақ, ауыл қазағы өсірген малының пайдасын қалай көрмек. Соны өткізетін жер таба алмай тауы шағылған қазақ барлық ауылда бар. Мағауия деген досым, өткен қыста үш бұқасын өткізе алмай қыстай алысып шықты. Делдал әр бұқаны бұзаудың құнымен алғысы келеді. Үш бұқа-үш бұзау ретінде. Кешегі социализм заманында ел артық малын Заготскот деген мекемеге тапсырып пайдасын көретін. Қазір ол да жоқ. Мал бар, оны іске асырудың тетігі таза жоқ. Ондай механизм өрісі өскен елдің бәрінде барын, көрші Қытайда да ойластырылғанын жұрт газеттен ғана оқиды. Соның салдарынан қазақ өз малын өткізе алмай, мысық қана жейтін Белоруссияның кәрі сиырының етін шайнап отыр. Ауылда жүн де жетеді. Үйіліп жатыр. Ел өртеп әлек. Сол жүнді асфальтқа қосса ол ерекше сапалы болатынын тағы да газеттер жазады. Ең болмаса осыны ойластыруға болмас па еді. Ауыл егін де салады. Алған астығын өткізетін жер де жоққа тән. Бәрі алып-сатар делдалдың қолында. Апараған бидайын онысы жетіспейді, мынасы манадай деп, өзін келеке ақымақ етіп, сутегінге астығын алып қоя берген соң егін салуды да қойды. Ауыл қазағының көрген күні осы.
Ауыл қазақтың қалқаны мен қорғаны, қазақтың рухының сақшысы. Ауыл қазақты қайта тірілтіп отыратын мәңгілік генофонды, қорығы. Келешегі жоқ деп ауылды жою – қазақтың рухын жою. Таза қазақтың өсімін беріп отырған да ауыл. Сәл мүмкіндік болған 1945 жыл және 1990 жылдар арасында қазақтың саны 3 еседей өсті. Бұл демографиялық дүмпу қазір тоқтап қалды. 1987 жылы 427мың бала туса 1997 жылы 232мың ғана бала туған. Қазір де жағдай мәз емес.
Ұлы Даламызға мәңгілік ие болу үшін қазақтың өсімін көтеру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Ауыл бала өсіргісі келеді. Бірақ, өзі жарымай отырған елде «сен бала таба қойшы» деу қияли адамның ісі. Оны мықтап жолға қою керек. Мына көрші Ресейде көп балалы анаға айына 100 мың теңге көлемінде жәрдем ақы төленетінін газеттер жазды. Онан өзге әр балаға арналған 10 мың долларлық ана капиталы тағы бар. Біздегі көмек қандай? Оны айтудың өзі жұрттың мысқылына ұшыратады. Халқының келешегін ойлаған елдердей анаға, көп балалыларға нақтылы көмек заңды түрде қарастырылса ауыл балаға толып, ел көркейіп шыға келер еді. Қалада баспана таба алмай жүрген жас отбасылардың ипотекаға алған үйінің бір бала тапқаны үшін 25, екі баласы үшін 50 пайыз төлемін алып тастаса сол шағын отбасының төрт балалы боларына күмән жоқ қой. Мұндай практика әр елде бар, бізде неге жоқ деген сауал көкейге тіреледі.
Ғасырлар бойы батыстың да, шығыстың да талай жауымен арпалысып келген көшпелі ел азаматы қанша қырылса да елдің шаңырағын азайтпаудың амалын тауып келген. Жетімін жетім етпейтін әмеңгерлік жол да, көп әйел алуда ұлттың бүтіндігін, іргелі ел болуын ойластырған кемеңгерлік.Екі әйел алу еріккеннің ермегі емес. Жан-жағың миллиард боп құжынаған заманда ұрпағының біреудің құлы болып кетпеуін ойластырған отан сүйгіштік. Ериментаулық Бәкен деген достың әйелі он жыл бірге тұрса да бала көтермей күйеуіне «екінші әйел ал» деуі, ақыры өзінің бір қызды алып беруінің ар жағында даналық, қазағым басқа жұртқа қор болмасын деген ғажайып елін сүю арманы жатыр.Ұлы Далаға кім не болады деген сауал қай заманнан бері келе жатқан өшпейтін сұрақ. Балаң, өзің жан-тәніңмен сүйетін немерең біреудің, жат жұрттың құлы болып кетпесе игі еді деген тілек әрбір ананы толғандырса керекті. Ол осыны ойламаса перзентін қоқысқа тастай салатын «көкек» қатыннан несі артық? Сүю дейді? Махаббаттың ең ұлысы, тазасы Отанды сүю. Әрбір қазақ ең алдымен отанды, отанның болашағын ойлауға міндетті. Отаршылдық қалпымызды бұзып кеткен құбылыс-есірік музыкаға есірген әйел, рюмкалы кемпір, ішкіштеу көктата шал-елдің болашағы емес. Болашақ – ұлттық рухта.Ұлы пайғамбар Мұхаммед с.ғ.с. «Көп туатын әйелге үйленіңдер. Ол Алла тағаланың алдында да сүйкімді» деген. Бабалар «Бес ұлы бардың сөзінің жалғаны жоқ, төрт ұлы бардың алмай қалғаны жоқ, үш ұлы бардың халі алым-берім, екі ұлы бардың шақ-шақ қана әлі бар, жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» деген ұлы сөзін ұмытуға болмас.
Қайран ауылда жеткеннен жетпеген көп. Оның өзі қолдан жасалған жетіспеушілік. Ауыл күркілдеген кәрі тракторы мен жалғыз машинасын жүргізе алмай, солярка мен бензиннен жұтап отыр. Түгі жоқ Түркіменстанда бензиннің құны 23 теңге екен. «Апыр-ай-ә» деп таңғалып отыр. Биыл лайсаң күз келді. Қазан туа басталған жаңбыр қарашада сулы қарға ұласты. Малдың азығы деп шабылған шөпты қазанда тасып алмақ еді. Жаңбыр жібермеді. Сулы шөпті маяға үйсе шіріп кетеді. Оның үстіне жығылғанға жұдырық, қазан айынан бері солярка да бензин де жоқ. Әні болады, міне кеп қаптымен күз өтті. Шабылған шөп далада. Қыстаққа мая үйілмеген. Екі ай жаңбыр мен қардың астындағы шөпте не қасиет қалғанын ешкім де айта алмайды.
Ауыл қазағының жолдан көрер қияметінің өзі азапты хикаят. Қыстақтар мен елді мекендердің арасына омбы қарға түсіп кетіп, атын жетектеген біреудің ізінен басқа соқпақ түспеген тың.Бұрынғы совхоздардың ірі бөлімшелерінің жұрты өздері аршып әлек. Бір кездегі миллионер колхоз болған Қызылтудың сегіз әйелі қар кептелінде қалып, тоғыз шақырым жолды күрекпен аршып барғаны қай мақтанғанға жатады? Сол ауылдың бір ақсақалының «әу, осы ХХІ ғасыр дегені осы ма» дегені таңданыс па, күйіну ме.
Қыс түсіп келеді. Малын өткізе алмаған жұрт көңілі күпті! Өзбек қашан келеді екен деседі. Елең-елең. Мал алатын өзбек қана. Оның да ісі қиындап кеткен. Бұрын бергенін ала беруші еді, енді таңдауға көшкен. Елдің бір жарым жасар тайыншасын «мынау торпақ» дейді. Екі жасарын бір жасарға алады. Үш жасар бұқа? Жоқ, оны алмайды. Неге? Алмайды, болды! Оқудағы баласына ақша іздеген ақсақал, күрсініп сақалын сипайды. Бекер өсірген екен. Енді не амал?
Көрінгенге жем болған,
Ауыл қайтіп күн көрер.
Кәмел Жүністегі,
жазушы, «Құрмет» орденінің
иегері, ҚР мәдениет қайраткері