04 қар, 2021 сағат 14:00

АШМ: Күріш пен мақта алқабы әлі де қысқарады


ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы мен 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мал шаруашылығында метан шығарындыларын азайту үшін көң мен құс саңғырығын өңдейтін жабдыққа 25% инвестициялық субсидиялау төлене бастады. Өсімдік шаруашылығында күріш, мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқабын азайту үшін егіс құрылымын әртараптандыру жалғасады», - деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, ғарыштық мониторинг пен жерді қашықтан зондтау нәтижелерін пайдалану технологиялары салаға дендеп еніп келеді.

«Агротехнологияларды сақтау үшін қазіргі заманғы тұқым сорттары мен тыңайтқыштар, өсімдік қорғауға арналған биологиялық құралдар сатып алуға да қолдау көрсетіледі. Бұл ретте, АӨК дамыту тұжырымдамасы шеңберінде органикалық тыңайтқыштарды сатып алу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын өтеу көзделмек. Саланы техникалық тұрғыда жарақтандыру үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды, жеңілдетілген лизингті субсидиялау, отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту бағдарламаларын ауқымды іске асыру жалғасады», - деген вице-министр ылғал үнемдеу шараларына тоқталды.

«Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларын енгізу, гидромелиоративтік қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту және олардың қызмет аймағын кеңейту арқылы суармалы егіншілікті дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл ретте, заманауи суару жүйелерін сатып алу құнының 50% дейін инвестициялық субсидиялау қарастырылған», - деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.