18 қар, 2021 сағат 13:00

Әшімбаев Үкіметке салық жеңілдіктерін жан-жақты зерделеуді ұсынды


Елімізде ірі кәсіпорындарға берілетін салықтық жеңілдіктерді жан-жақты зерделеу қажет. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет үлкен жұмыс жасап жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын депутаттар қолдайды. Сондай-ақ осы жұмыстардың аясында алдағы уақытта салықтық жеңілдіктерді де бір сараптап қойған артық болмайтын шығар деп есептейміз. Жалпы, біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы салықтық жеңілдіктерге байланысты бюджет түсімі 4,8 трлн теңгеден астам сомаға кем болды. Ол үлкен сома. Негізгі салықтық жеңілдіктер шағын кәсіпорындарға емес, үлкен кәсіпорындарға беріліп жатқаны белгілі», - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.

Сенат спикерінің дерегінше, осы жеңілдіктердің 40 пайызы қаржы және тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындарға тиесілі болып отыр. 

«Бұл ретте салықтық жеңілдіктерден бас тартайық деген әңгіме жоқ. Ол халықаралық тәжірибе. Оны қолдануымыз керек, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Дегенмен осы жеңілдіктер мемлекетімізге не беріп жатыр? Экономикамызға қандай әсерін тигізеді? Соны да бір сараптап қойған артық болмас. Осы жылдың басында Президентіміз Салық кодексіне түгендеу жасау керектігін көтерген болатын. Осы жұмыстың аясында салықтық жеңілдіктерді де жан-жақты зерделейсіздер деп сенеміз. Сол жұмыстың қорытындысы бойынша Парламентке ақпарат бересіздер деп үміттенеміз»,- деді Мәулен Әшімбаев.